Қазақстан Азияның үздік университеттері рейтингіндегі өз қатысу аясын кеңейтті

1023
Фотосурет: freepik.com

2025 жылғы 4 қарашада QS Quacquarelli Symonds жоғары білім беру саласындағы халықаралық талдау агенттігі QS Asia University Rankings 2026 – Азияның ең үздік университеттері рейтингінің 2026 жылғы тізімін жариялады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл аймақтық рейтинг Шығыс, Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік және Орталық Азия өңірлеріндегі университеттердің жетістіктерін сараптайды. Биылғы рейтинг – өзінің тарихындағы ең ауқымды рейтинг болып отыр, оған 25 елден 1529 университет енген, оның ішінде 554 жоғары оқу орны алғаш рет тізімге кірді.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан QS Asia University Rankings рейтингінде қатысу аясын айтарлықтай кеңейтті – 112 университеттің ішінде 44 қазақстандық ЖОО енді. Салыстыру үшін: Өзбекстаннан – 22 университет (204-тен), Қырғызстаннан – 6 университет (61-ден), Тәжікстаннан 1 университет (27-ден) енген.

Атап өту керек, биыл рейтингке 10 жаңа қазақстандық университет енді:

  1. Назарбаев университеті – 201 орын
  2. Алматы Менеджмент университеті – 741-750 орындар
  3. Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университеті – 1001-1100 орындар
  4. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті – 1101-1200 орындар
  5. Alikhan Bokeikhan University – 1201-1300 орындар
  6. Каспий университеті – 1201-1300 орындар
  7. Рудный индустриялық институты – 1301-1400 орындар
  8. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – 1301-1400 орындар
  9. Astana International University – 1401-1500 орындар
  10. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – 1401-1500 орындар

Қазақстандық университеттер академиялық бедел, оқыту сапасы, халықаралық ынтымақтастық және түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы сияқты рейтингтің негізгі көрсеткіштері бойынша аймақтағы үздік нәтижелердің бірін көрсетіп жатыр.

Сонымен қатар Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде Азияның ең үздік топ-100 университетіне кірген жалғыз мемлекет: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 38 орын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 61 орын, Satbayev University – 79 орын.

Қазақстанның рейтингтегі позициясының өсуі академиялық стандарттардың артуымен қатар халықаралық стратегиялық серіктестіктерді дамытуда жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді. Рейтинг деректері бойынша шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу және бірлескен білім беру мен ғылыми жобаларға қатысу елдің жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі таңда рейтингке енген 29 қазақстандық ЖОО әлемнің жетекші университеттерімен стратегиялық әріптестік орнатқан, ал 15 жоғары оқу орнында шетелдік университеттердің филиалдары жұмыс істейді.

 Интернационализация көрсеткіштері де ерекше назар аударады. QS агенттігінің мәліметінше, Қазақстан халықаралық студенттер мен зерттеушілер үшін аймақтық білім орталығына айналып келеді. Бұл ел университеттерінде шетелдік студенттер мен оқытушылардың үлесінің жоғары болуымен дәлелденеді.

Осылайша, жоғары оқу орындарын стратегиялық серіктестіктер құру арқылы трансформациялау Қазақстанның жаһандық білім кеңістігіне кірігуінің негізіне айналып, жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетіп отыр.

Айта кетсек, QS агенттігі рейтингті жыл сайын күзде жариялайды. Академиялық кезең күзде басталатындықтан атауда келесі жыл көрсетіледі және рейтинг келесі күнтізбелік жыл бойы өзектілігін сақтайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -