Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Швейцарияның Лозанна қаласындағы Олимпиадалық үйде өткен Olympism 365 комиссиясының отырысына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл шара Халықаралық Олимпиадалық комитеттің (ХОК) Комиссия апталығы мен Fit for the Future (F4F) атты кеңес беру кездесулері аясында өтті. F4F - Олимпиадалық қозғалыстың саясатын жаңарту және басқару жүйесін жетілдіру мақсатында ХОК президенті Кирсти Ковентридің бастамасымен қолға алынған бағыт.
Отырыста Қазақстан ҰОК президенті шағын талқылау топтарының жұмысына қатысып, Olympism 365 тұжырымдамасы тұрғысынан негізгі тақырыптарды талқылады. Атап айтқанда, спортшыларды дамыту, Олимпиада ойындарын ұйымдастыру, Олимпиадалық қозғалыстың тұрақтылығы, спорттың кіршіксіз әлем қалыптастырудағы рөлі, сондай-ақ, аудиторияны кеңейту мен тұрақты қаржыландыру мәселелері қаралды.
Кездесу форматы әрқайсысы шамамен 45 минутқа созылатын тақырыптық сессиялардан тұрды. Әр сессиядан кейін қатысушылар басқа топтарға ауысып отырды.
«Спорттың әлемді өзгертудегі рөлi» тақырыбындағы пікірталас барысында Геннадий Головкин спортты білім, денсаулық пен көшбасшылықтың тиімді құралы ретінде қарастырудың маңызын атап өтті. Ол әсіресе жастар, босқындар және әлеуметтік осал топтар үшін спорттың әлеуетін күшейту қажет екенін айтты.
Сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, мемлекеттік құрылымдармен және азаматтық қоғаммен серіктестік орнатуға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар ҰОК басшысы Olympism 365 және Олимпиадалық ынтымақтастық бастамалары аясында әрбір бағдарламаның нәтижесіне назар аудару қажет екенін атап өтті. Бұл - инклюзия, климат, теңдік немесе тұрақтылық секілді бағыттарды қамтиды.
"Қазіргі Олимпиадалық қозғалыс үнемі жаңарып, ашық диалогты талап етеді. Fit for the Future кеңес беру форматы түрлі елдің өкілдерін біріктіріп, спортты тұрақты дамыту мен оның құндылықтарын нығайту жолында ортақ шешім іздеуге мүмкіндік береді" Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин