«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) алғаш рет елді мекендер аумағында қолданылатын көктайғаққа қарсы материалдарға (КҚМ) қойылатын талаптарды айқындайтын ұлттық стандарт әзірленді. Құжаттың мақсаты жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және қыс мезгілінде реагенттердің қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін азайту, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Бұған дейін елде тек ГОСТ 33387-2015 «Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары. Көктайғаққа қарсы материалдар. Техникалық талаптар» стандарты қолданыста болған. Алайда оның қолданылу аясы тек жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарымен шектеліп, қалалық инфрақұрылымның, көшелердің, тротуарлардың, аялдамалардың және жаяу жүргіншілер өткелдерінің ерекшеліктерін ескермеген», – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» мамандары.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайда стандартты реагенттерді қолдану жарақат алу қаупін арттырып, жабындар мен абаттандыру элементтерінің бұзылуын жеделдетуі мүмкін, сондай-ақ адамдар мен үй жануарларының денсаулығына кері әсерін тигізуі ықтимал.
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 238-бабының 9-тармағына сәйкес, елді мекендер аумағында топыраққа, өсімдіктерге және экожүйеге зиянды әсері болғандықтан көктайғақпен күрес мақсатында ас тұзын қолдануға тыйым салынады.
«ҚазжолҒЗИ» әзірлеген жаңа ұлттық стандарт қалалық ортаға қауіпсіз көктайғаққа қарсы материалдардың рұқсат етілген түрлерін, қасиеттерін және сапа көрсеткіштерін айқындайды. Құжат халықаралық тәжірибелер мен елімізде жинақталған қысқы жол күтімі тәжірибесінің талдауы негізінде дайындалған.
Бұл стандартты енгізу қыс мезгіліндегі көктайғақпен күрес шараларының тиімділігін арттыруға, қауіпті реагенттердің қолданылуын болдырмауға мүмкіндік береді.
«ҚазжолҒЗИ» мамандарының айтуынша, стандартты әзірлеудің басты мақсаты жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының санын азайту.