Beeline Kazakhstan және Starlink Қазақстанда спутниктік байланыс іске қоспақ

1067
Фотосурет: Gov

VEON Ltd. (Nasdaq: VEON), жаһандық цифрлы оператор, Қазақстанның бүкіл аумағында, соның ішінде жерүсті желілерімен қамтылмаған шалғай өңірлерде де қолжетімді спутниктік байланысты қамтамасыз ету үшін Beeline Қазақстанның Starlink Direct to Cell-мен серіктесетінін жариялады. Қыркүйекте жасалған коммерциялық келісімге сәйкес, Beeline Қазақстан 2026 жылы хабарламалар алмасу қызметін, одан кейінгі кезеңде мобильді интернетке қосылу қызметін қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым‑Жомарт Тоқаевтың АҚШ‑қа ресми сапары барысында үшжақты кездесу өтті. Кездесуде Beeline Қазақстан мен Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Direct to Cell спутниктік байланысын енгізу жоспарын қолдай отырып, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Beeline Қазақстан аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын елдің шалғай әрі оқшауланған елді мекендерін тұрақты мобильді интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды іске асыруды жалғастыруда. Бұған дейін компания тұрғындардың саны 100 жетпейтін ауылдарға дейін жерүсті желісінің қамтылуын кеңейтіп, автономды базалық станцияларды қуаттандыру үшін күн панельдерін орнатқан.

«Starlink-пен серіктестігіміз – жаһандық технологиялар ұлттық инфрақұрылымды қалай нығайта алатынының айқын мысалы. Бұл келісім орбиталық желіні ұялы байланыс желісімен біріктіру арқылы қамтуды кеңейтіп, дәстүрлі инфрақұрылымды өткізу экономикалық жағынан тиімсіз жерлерде байланысты қамтамасыз етеді. Ұялы байланыс жоқ жерде, бірақ тікелей спутникпен қосылу мүмкіндігі бар жерде модемдер мен қосымша құрылғыларсыз-ақ телефоннан хабарлама жіберу мүмкіндігі – азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, шын мәнінде, адам өмірін де сақтап қалуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер‑Министрінің орынбасары әрі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
«Бұл серіктестік Қазақстанның толық цифрлы байланысқа өту жолындағы маңызды қадам», - дейді Beeline Қазақстан холдингінің бас директоры Евгений Настрадин. Біздің мақсатымыз – таулы жерлерден бастап, бос жатқан жерлерге дейін тұрақты байланыспен қамтамасыз ету. Ал Starlink Direct-to-Cell спутниктік технологиясын жердегі инфрақұрылыммен біріктіру бізді осы мақсатқа жақындатады. Бұл елдің шалғай жерлерін байланыспен қамту тұрғысынан тиімдЦі шешім».

VEON сондай-ақ Starlink компаниясымен ғаламдық негіздемелік келісімге қол қойды – бұл келісім VEON компаниясы жұмыс істейтін барлық елдерде Direct to Cell спутниктік байланысын енгізу бойынша болашақ ынтымақтастықтың шарттарын айқындайтын эксклюзивті емес келісім болып табылады. VEON Starlink-пен осындай көпжақты келісімге қол қойған алғашқы жаһандық телеком-оператор.

Beeline Қазақстанның Starlink Direct to Cell спутниктік байланысын енгізу жөніндегі келісімі биылғы жылы Украинада Kyivstar Group Ltd (Nasdaq: KYIV) компаниясы Starlink Direct to Cell арқылы хабарламалар алмасудың сәтті демонстрациясын өткізген соң қол жеткізілген табысты тәжірибеге негізделген.

«Біз жұмыс жасайтын нарықтардың бірегей жағдайлары қауымдастықтардың байланыста болуын қамтамасыз ететін инновациялық шешімдерді талап етеді. Украинадан кейін VEON тобының екінші өңірі – Қазақстанда Starlink Direct to Cell‑мен ынтымақтастықтың арқасында дұрыс бағытта келе жатқанымызды көру мені қуантады», - дейді VEON Group бас директоры Каан Терзиоғлы. «Біз VEON-ның бес елдегі 150 миллионнан астам абоненті үшін жерүсті және спутниктік байланысты біріктіру мүмкіндіктерін үлкен қызығушылықпен қарастырып жатырмыз».

Қазақстанда Starlink Direct to Cell қызметін сынақтан өткізу және коммерциялық іске қосу стандартты реттеуші рәсімдерді сақтай отырып жүзеге асырылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -