БҚО-да жалпы құны 17,7 миллиард теңге болатын 27 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр

1111
Фотосурет: primeminister.kz

Әлеуметтік нысандар салу және реконструкциялау жөніндегі Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында Батыс Қазақстан облысында 27 жобаны іске қосуға Арнаулы мемлекеттік қордан 17,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Негізгі міндеттер – халықты сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету және ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту. Арнаулы мемлекеттік қордан барлығы 27 жобаны жүзеге асыруға 17,7 млрд теңге бөлінген.

Жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінде 11 сумен қамту жобасы бар, олардың іске қосылуы ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуды кеңейтіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 16 жоба ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға бағытталған. Олардың қатарында Сырым, Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала және Бәйтерек аудандарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер құрылысы бар. Жаңа денсаулық сақтау нысандарының ашылуы ауыл тұрғындарын білікті медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, аудандық ауруханалардағы жүктемені азайтады.

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында 15 жоба толық аяқталған. Жыл соңына дейін тағы 10 нысан пайдалануға беріледі, ал қалған екеуін 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -