Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Целиноград ауданының Родина ауылында жаңа ерікті өрт сөндіру құралымының ашылуына қатысты. Бұл нысанды «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында «Родина» агрофирмасы» ЖШС салды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты рәсім барысында Шыңғыс Әрінов ауылдық жерлерде өрт сөндіру бекеттері желісін дамыту ТЖМ қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Министр «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыру тек мемлекет, жергілікті атқарушы органдар мен бизнес арасындағы тығыз өзара іс-қимыл арқылы мүмкін болатынын айтты. Ол «Родина» агрофирмасы» ЖШС басшылығына ауыл тұрғындарының өрт қауіпсіздігін арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Шыңғыс Әрінов «Біздің үндеуіміз назардан тыс қалған жоқ. Бизнес өртке қарсы ерікті құрылымдарды құруға атсалысуда. Біз өз тарапымыздан техникамен, байланыс құралдарымен және басқа да қажетті жабдықтармен қолдау көрсетеміз. Азаматтық қорғаудың бірыңғай тетігін қалыптастыру жұмысын жалғастыра береміз», - деп атап өтті.
Өрт сөндіру пункті Родина, Ақмешіт, Зеленый Гай және Садовое ауылдарының тұрғындарын қорғауды қамтамасыз ететін болады. Нысан өрт сөндіру автоцистернасымен, заманауи жабдықтармен, байланыс құралдарымен толық жабдықталған және тәулік бойы кезекшілік етуге дайын ерікті өрт сөндірушілердің даярлықтан өткен жеке құрамымен қамтамасыз етілген.