«Аналитика мектебі» жобасы Қазақстанның өңірлеріне кеңейіп жатыр

1265
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

Бүгін Қарағандыда өңірлік деңгейдегі «Талдау мектебі» жобасының алғашқы легі өз жұмысын бастады. Алдағы бес апта бойы қоғамдық жоба қатысушыларына елімізге танымал ғалымдар мен сарапшылар дәріс оқиды, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Талдау мектебі» қоғамдық жобасы - Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың жетекшілігімен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттың аналитикалық сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық тапсырмасын орындауға бағытталған. Осы мақсатта бес жыл бұрын жоба жас мемлекеттік қызметшілердің, бизнес, халықаралық ұйымдар мен басқа салаларда еңбек ететін мамандардың талдау дағдыларын дамыту үшін іске қосылған болатын.

Биыл Астанада өткен алғашқы Taldau форумында ғылыми және сарапшылық қауым өкілдері өңірлерде де осындай оқыту жобаларын ұйымдастыруды ұсынды. Бұл бастаманы Taldau Community және Қарағанды облысы әкімдігі көтеріп, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қолдады.

Курс бағдарламасы Қарағанды облысының тұрақты дамуы тақырыбына арналған. Бағдарламада жетекші қазақстандық сарапшылардың дәрістері мен тәжірибелік сабақтары қарастырылған. Олар қатысушылардың аналитикалық қабілеттерін жетілдіруге, талдау әдістерін, деректерді визуализациялау тәсілдерін, жасанды интеллект құралдарын және статистикалық мәліметтерді өңдеу жолдарын үйретуге бағытталған.

Оқыту курсы бес аптаға есептелген және 8 қарашадан 6 желтоқсанға дейін әр сенбі сайын екі тілде офлайн форматта өтеді. Бағдарлама бес негізгі модульден тұрады: аналитикаға кіріспеден бастап деректерді визуализациялауға дейін. Дәріс оқитын мамандар мен тренерлердің қатарында белгілі мемлекеттік қайраткерлер мен сарапшылар бар. Оқыту қорытындысында қатысушылар өздерінің талдамалық материалдарын әзірлейді. Бұл материалдар кейін облыстың мемлекеттік органдарының жұмысында пайдаланылатын болады.

Алғашқы күні қатысушылар алдында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының басшысы Максим Споткай, қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Леся Каратаева, еңбек қатынастары мен стратегиялық және дағдарыстық коммуникациялар жөніндегі сарапшы Ербол Исмаилов сөз сөйледі.

Айта кетейік, «Талдау мектебі. Қарағанды» жобасына қатысу үшін шамамен 100 өтінім түсті. Конкурс нәтижесінде 40 қатысушы іріктеліп алынды. Қатысушыларға қойылған талаптар – жасы 35-тен аспауы және жоғары білімі болуы. Олар - жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар, талдау орталықтары, мемлекеттік басқару жүйесі мен жеке секторда еңбек ететін мамандар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -