ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығында офицерлер мен сержанттар арасында өткен “Үздік әдіскер” сайысының екінші кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Байқау барысында қатысушылар кәсіби дайындық деңгейін, әдістемелік шеберлігін және физикалық даярлығын кешенді сынақтар арқылы көрсетті.

Әскери қызметшілер оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру, әдістемелік сабақтар өткізу және жеке құрамның даярлығын арттыру бойынша тәжірибе алмасты.

Қорытынды кезеңде “Батыс” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Бекайдар Қазкеев үздік қатысушыларды марапаттап, кәсіби шеберліктері үшін алғыс білдірді.

Жеңімпаздар ауыспалы кубок пен дипломдарға ие болды. Сайыс нәтижесінде үздік танылған офицерлер мен сержанттар желтоқсан айында өтетін Ұлттық ұлан біріншілігінде “Батыс” өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын болады.