Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО стандарттарына сәйкестігін 95,7%-ға жеткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) 2025 жылғы 30 тамыздан 15 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасында өткізілген авиациялық қауіпсіздіктің кешенді аудитінің (USAP-CMA) нәтижелерін ресми түрде жариялады.
Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7% болды. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден (72,01) және Еуропа елдерінің көрсеткішінен (87,92%) жоғары.
Қазақстанның нәтижесі ТМД елдері мен ИКАО-ның Еуро-Азиаттық (EUR/NAT) аймағы бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады. Салыстырмалы түрде:
Әзербайжан - 74,66%
Өзбекстан - 85,47%
Қырғызстан - 85,76%
Грузия - 89,75%
Беларусь - 91,85%
Ресей - 94,14%
Таяу өңірлерде осындай көрсеткіштер төмендегі елдерде байқалады: БАӘ - 98,4%, Катар - 96,72%, Сауд Арабиясы - 94,41%.
Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік бойынша алдыңғы көрсеткіші 83% болатын.
Қазіргі көрсеткіш авиациялық қауіпсіздік саласындағы негізгі заңнама, авиациялық қауіпсіздік бағдарламалары мен ережелері, авиациялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган және оның міндеттері, персоналдың біліктілігі мен оқытылуы, техникалық ұсынымдар, құралдар және қауіпсіздік үшін маңызды ақпарат беру, сертификаттау және бекіту жөніндегі міндеттемелер, сапаны бақылау бойынша міндеттемелер, қауіпсіздік мәселелерін шешу сияқты авиациялық саланың маңызды элементтері бойынша қауіпсіздіктің жоғары деңгейінің көрінісі болып табылады.
Осы көрсеткіштердің сәйкестігі қазақстандық әуежайлардың қауіпсіздігінің жоғары деңгейін көрсетеді, бұл әуе компаниялар тарапынан сенімнің өсуіне, сондай-ақ АҚШ-қа тікелей рейстерді ашу үшін ұшулардың бірінші санатын алуға ықпал етеді.
ИКАО-ның жоғары бағасы еліміздің авиациялық саласында 2019 жылдан бастап іске асырылған кешенді реформалардың, Қазақстанның авиациялық әкімшілігін дамытудың, мамандардың біліктілігін арттырып, тәуекелге бағдарланған бақылау тетіктерін енгізуді қоса алғанда, биік нәтижелердің көрсеткіші. Сондай-ақ бұл Қазақстанның жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесіне жоғары интеграциялануын растайды.

Аудит қорытындысы – бұл Қазақстанның жолаушылар мен авиация индустриясы үшін қауіпсіз және ыңғайлы әуе қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық стандарттарға бейілділігінің маңызды дәлелі.