ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде құқықтық тәртіп әскері ардагерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл күн – ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет еткен ардагерлерге деген шынайы құрмет пен алғыс білдіретін ерекше мереке.
Іс-шара барысында бөлімнің жеке құрамы мен жас сарбаздар ел игілігі жолында қызмет атқарған абзал жандардың ерлік жолымен танысып, олардың өмірлік өнегесін үлгі етті. Ардагерлер алдында Ұлттық ұлан ән және би ансаблінің солистері патриоттық әндер шырқап, әскери бөлім командирі атынан алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты жиында әскери бөлім командирі полковник Жандар Әшірбеков сөз сөйлеп, ардагерлерге деген ыстық ықыласын білдірді:
“Сіздер – Отанға адалдық пен ерліктің символысыздар. Қызметтегі қажыр-қайраттарыңыз бен өмірлік тәжірибелеріңіз – бүгінгі жас сарбаздар үшін үлкен өнеге.”
Жиын соңында ардагерлерге ризашылық білдіріліп, олардың ел тыныштығын сақтау жолындағы қызметі ерекше атап өтілді. Осындай кездесулер жас сарбаздар үшін үлкен тәрбие мектебі болып табылады.

5573 әскери бөлімі жеке құрамы ардагерлермен байланысты үзбей, олардың өмірлік тәжірибесін қадір тұтып, ұрпақ сабақтастығын сақтауды дәстүрге айналдырған.
Ардагерлерге құрмет көрсету – ерлік пен адалдықтың жалғасы, ұландық рухтың мәңгілік белгісі болып қала бермек.