Қазақстан азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру шараларын кеңейтуде

1056
Фотосурет: UKIMET

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру мәселелері бойынша кезекті кеңес өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кеңес барысында негізгі тауарлар бағасының өзгеру тенденциялары және олардың инфляция деңгейіне әсері қаралды.

Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Амриннің айтуынша, қазан айында ақылы қызметтердің бағасы 0,8%-ға төмендеген. Бұл коммуналдық қызметтер тарифтері мен отын бағасын көтеруге мораторийдің күшіне енуімен байланысты. Мораторий 16 қазаннан бастап іске қосылды еді.

«Қазан айында жылдық инфляция 0,3 пайыздық тармаққа баяулап, 12,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш қыркүйек айында 12,9% болған. Республиканың 10 өңірінде инфляция деңгейі 10%-дан жоғары болды. Ең үлкен өсім Қарағанды (14,2%), Ұлытау (14,2%), Атырау (13,8%), Ақтөбе (13,5%) облыстарында, сондай-ақ Шымкент  (13,2%) және Астана қаласында (13%) тіркелді», — деп атап өтті Азамат Амрин.  

Қазан айында айлық инфляция 0,5%-ды құрап, қыркүйек айынан төмен болды. Азық-түлік инфляциясы 1%, азық-түліктік емес инфляция 1,2% болды.

Барлық өңірлерде көкөністерді сатып алу жұмыстары толығымен аяқталды. Көкөністер мен сиыр еті бағаларын тұрақтандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер халықтың үш айлық сұранысына сәйкес сатып алу көлемін 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайтты.

Нәтижесінде, негізгі өнімдер бойынша сатып алу көлемі келесі көрсеткіштерге өсті: картоп 117,5 мың тоннадан 146,8 мың тоннаға (+25%); сәбіз 28,1 мың тоннадан 35,3 мың тоннаға (+26,6%); пияз 21 мың тоннадан 27,4 мың тоннаға (+30,4%); қырыққабат 26,6 мың тоннадан 37,2 мың тоннаға (+43,6%); сиыр еті 1,6 мың тоннадан 9,9 мың тоннаға, бұл бастапқы көлемнен 6,2 есе артық.

Жиынды қорытындылай келе  Серік Жұманғарин әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінен бөлек, азық-түлік инфляциясына әсер ететін басқа да тауарлар (қызанақ, қияр, ет фаршы, томат пастасы, балық және басқа да өнімдер) бағаларын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар отандық өндірушілердің өнімдеріне халықтың тікелей қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын арттыру қажеттігін атап өтті.

 
 
 
 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -