Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 11–12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сапар барысында Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөздер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және оны сауда-экономика, энергетика, көлік және гуманитарлық салаларда одан әрі дамыту перспективаларын талқылайды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында Оралда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясында сөз сөйлейді. Форум дәстүрлі түрде екі ел өңірлерінің әріптестік байланыстарын нығайтуға және бірлескен жобаларды кеңейтуге арналған маңызды алаң болып саналады.
Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылуы күтіледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары қарсаңында «Российская газета» басылымында «Вечная дружба – путеводная звезда для наших народов» атты мақаласы жарық көрді.