2025 жылғы 11 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоса атқару тәртібімен Қазақстан Республикасының елшілерін тағайындады.
Тиісті құжат Ақорда баспасөз қызметі жариялады.
Мемлекет басшысының жарлықтарымен:
– Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Мадияр Смәділұлы Менілбеков қоса атқару тәртібімен Бахрейн Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды;
– Португалия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Сержанұлы Ғалиев қоса атқару тәртібімен Конго Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
Суретті түсірген: Gov
Мадияр Менілбеков 1978 жылы Жамбыл облысының Мерке ауданында дүниеге келген.
2002 жылы Ливияның Триполи қаласындағы «Исламдық дағдыру» университетін араб тілі мен исламтану мамандығы бойынша тәмамдаған. 2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің филология мамандығы бойынша магистратурасын аяқтаған.
Еңбек жолын 2002 жылы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде аға оқытушы болып бастаған. 2005–2006 жылдары Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында аға оқытушы қызметін атқарды.
2006 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық қызметін бастап, Азия және Африка департаментінің үшінші хатшысы болды. 2006–2011 жылдары Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшілігінде атташе, үшінші және екінші хатшы қызметтерін атқарды. 2011 жылы министрліктің орталық аппаратына оралып, Азия және Африка департаментінің бірінші хатшысы болып тағайындалды.
2012–2017 жылдары БАӘ-дегі Қазақстан елшілігінде кеңесші және кеңесші-елші қызметтерін атқарды. 2017–2019 жылдары Дубайдағы Қазақстанның Бас консулы болды. 2019 жылдан бастап Сауд Арабиясындағы Елші және Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкіл қызметін атқарды.
ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие.
Суретті түсірген: Gov
Жан Ғалиев 1972 жылы туған.
1994 жылы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері мемлекеттік университетін, 1996 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Страсбург халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. 1998 жылы Париждегі Франция Премьер-министрі жанындағы Мемлекеттік басқару халықаралық институтында, Страсбургтегі Адам құқықтары институтында және Гаагадағы Халықаралық құқық академиясында білім алған. 2006 жылы ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын аяқтаған.
Еңбек жолын Президент жанындағы Мемлекеттік басқару ұлттық жоғары мектебінде тіл маманы-эксперт ретінде бастаған. 1999 жылдан бері ҚР Сыртқы істер министрлігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарып келеді. 2001–2005 жылдары Франциядағы Қазақстан елшілігінде екінші хатшы болған. Кейін СІМ Еуропа және Америка департаментінің Еуропа басқармасын басқарды.
Сондай-ақ, Бельгия мен Франциядағы елшіліктерде кеңесші-елші, СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі қызметтерін атқарған. 2017–2022 жылдары Қазақстанның Франция мен Монакодагы Елшісі әрі ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі болды.
2022 жылы Португалиядағы Елші қызметіне дейін ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы қызметін атқарған. І сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие, француз және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.