Тәртіп пен заңға адал – қарауыл бастығы

616
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған айбынды әскери құрылым болып саналады. Себебі еліміздің ішкі тәртібі мен тыныштығы, азаматтардың, жалпы қоғамның қауіпсіздігі ұландықтардың қырағы қызметінің арқасында қамтамасыз етіліп келеді.

Ұлттық ұлан әскери қызметшілері орындайтын жауынгерлік қызметтердің маңызды бағыттарының бірі – айдауылдау  қызметі. Айдауылдау қызметі - қылмыстық-атқару жүйесі мен құқық қорғау органдарына көмек көрсетуді, қамауда отырғандарды күзетуді, оларды арнайы мекемелерге жеткізуді, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ететін кешенді қызмет. Сондықтан бұл қызмет – жоғары жауапкершілікті, кәсіби дайындықты және қатаң тәртіпті қажет етеді. Бұл тапсырманы орындайтын жауынгерлердің басты міндеттеріне - айдауылдау барысында қоғамдық орындарда тәртіпсіздікке жол бермеу, қашу немесе шабуыл әрекеттерінің алдын алу, қамаудағылардың мінез-құлқын үнемі бақылауда ұстау, қызмет барысында қару мен арнайы құралдарды заңға сай қолдану, кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет ету кіреді. Әрине, осындай жоғары қатаңдықты талап ететін міндетке қажетті құралдар да қызметтің ерекшеліктеріне сай болуы тиіс. Бастысы мұнда жаңаша жабдықталған арнайы автокөліктің, қорғаныс құралдардың болуы.

Осы қызметті қаншама жылдан бері мүлтіксіз атқарып келе жатқан 6698 әскери бөлімі 3 атқыштар ротасының жауынгері аға сержант Қазбек Исабаев үздік қарауыл бастығы десек болады. Ол Түркістан өңірінің Мақтарал ауданында 1992 жылы дүниеге келген, отбасының кенжесі. Бірге өскен бауырларының арасында әскери қызметтің тізгінін алып, ел қорғауға бет бұрған өзі ғана болғанымен, балаларының Отан қорғаушы болғанын қалайды. Мерзімдік әскери қызметін 2011 жылы Алматы қаласындағы қазіргі 5571 әскери бөлімінде өтейді. 2014 жылы 6698 әскери бөлімінде бөлімше командирі болып қызметін бастайды.

Аға сержант Қазбек Исабаев қызметке кіріскен сәттен бастап ісіне асқан жауапкершілікпен қарады. Өзіне бекітілген бөлімше жеке құрамының оқу-жаттығуына, жауынгерлік дайындығына белсене кірісті. Осылайша командирлердің шебер көмекшісі болып жоғары басшылардың көзіне түсті. Өз ісіне тиянақты, ұқыпты, әрдайым кәсіби біліктілігі мен білімін шыңдауға барын салатын Қазбекті жауапты қызметтің басына яғни, айдауылдау қызметіне қарауыл бастығы етіп тағайындайды. Айдауылдау бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жеке құрамның қызметін ұйымдастыру, төтенше жағдайлардың алдын-алу  сияқты бұл қызметтің ең жауапты міндеттерін аға сержанттың қалтқысыз орындайтынына командирлер сенді. Сәйкесінше сенімге селкеу түспеді, ол әрбір тапсырманы жоғары кәсібилікпен орындап, өз қарамағындағы қызметкерлерге үлгі бола білді. Аға сержант Исабаев Қазбек қарауыл бастығы ретінде айдауылдау кезінде барлық талаптардың бұлжытпай орындалуына ерекше мән береді. Маршруттарды жоспарлау, жеке құрамға нұсқаулық өткізу, арнайы құралдар мен техниканы тексеру – оның үнемі қадағалап отыратын негізгі бағыттары. Соның нәтижесінде осы уақытқа дейін оның қарауындағы бөлімшеде қызметтік тапсырмаларды орындау барысында ешқандай заң бұзушылықтар мен тәртіптік ескертулер тіркелмеген.

Қазбек тек білікті қарауыл бастығы ғана емес, жас мамандарға бағыт-бағдар көрсететін тағылымы терең тәлімгер. Ол өз тәжірибесімен үнемі бөлісіп, айдауылдау қызметіндегі қауіпсіздік талаптары мен тактикалық міндеттерді үйретіп отырады. Бұл оның аға маман ретінде жас жауынгерлердің кәсіби бейімделуіне қосқан ерекше үлесі.

«Мен бұл қызметте жүріп күнделікті қаншама адамдардың тәлкекке түскен тағдырларын көремін. Қасыма жаңадан қосылған жас қарулас інілерім де дәл осы қызметте жүріп, ненің жаман, ненің жақсы екенін еріксіз ұғынады. Кез келген қылмыстың, кез келген жаманшылықтың артында міндетті түрде жаза немесе қайтарымы болатынын көзбен көреді. Қанша жылдар осы қызметте жүрсем де күнделікті өзім де өзгенің қателігінен мықтап сабақ аламын»,- дейді аға сержант Исабаев Қазбек.

Қызметтегі адалдығы мен еңбектегі табандылығы үшін қарауыл бастығы бірнеше мәрте марапаттарға да ие болды. Бұл күнде Қазбек қызметтестер арасында абыройы жоғары, басшылық тарапынан сенім артылған үздік қызметкерлердің бірі ретінде танылды.

Аға сержант Қазбек  Омарұлының командирі капитан Жанболат Тілеубаев: «Біздің ротаның жеке құрамы орындайтын жауынгерлік қызметтің бірі - айдауылдау қызметінің рөлі ерекше. Бұл салада кәсіби біліктілік, жоғары жауапкершілік пен шапшаң шешім қабылдау қабілеті талап етіледі.  Себебі қауіп-қатер деңгейі жоғары яғни, қамаудағылардың қашуы, шабуыл жасауы мүмкін. Сондықтан қатаң тәртіп пен регламент жасалып, әрбір қадам нұсқаулыққа сай орындалады, психологиялық тұрақтылық  қажет, өйткені түрлі мінез-құлықтағы адамдармен жұмыс істейді, жоғары физикалық даярлық, тосын жағдайға жедел әрекет етуі тиіс. Аға сержант Қазбек Исабаев кезекті қызметке жеке құрамды алып шыққанда көңілім тоқ жүреді. Өйткені оның кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігіне сенемін»,- дейді.

2019 жылы отбасын құрған Қазбектің жары - Роза ұстаздық қызметте. Балалары - Раяна мен Айсұлтан балабақшада, жанұяның жылуы мен мейірімге қанып өсіп келеді. Өйткені Қазбек қызметтен қолы қалт еткенде уақытын тек отбасына арнағанды ұнатады. Берекелі отбасының бақыты да баянды болары хақ.

Айдауылдау қызметіндегі жауапкершілік – темірдей тәртіп пен мықты ерік-жігерді талап ететін күрделі жұмыс екені даусыз. Айдауылдау қызметіндегі мінсіз орындалатын міндеттер мен темірдей талаптарды атқаратын әскери қызметшілердің еңбегі – ішкі тәртіптің сақталуына, қоғамдық қауіпсіздіктің нығаюына қосқан маңызды үлес екені сөзсіз.

Капитан Малика Шынжігітова, 6698 әскери бөлімі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -