561
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Түркістан облысында ел қорғауды абырой мен парыз деп білетін ерекше жастар бар. Олардың бірқатары Ұлттық ұлан қатарына да шақырылған. Бүгінде бір сапта қызмет етіп жүрген екі жұп егіз бауырлар Сайрам ауданынан шыққан Алиевтер және Абай ауылынан келген Беркінбайлар – 3660 әскери бөлімінің сарбаздары.

Алиев Асан мен Алиев Үсен 2007 жылдың 26 наурызында Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қасымбекдатқа ауылында дүниеге келген. Олардың ұлты – күрд. Екеуі де Қүшбұлақ жалпы білім беретін мектебін 2024 жылы тәмамдаған. Әкелері Абдулла – жүк көлігінің жүргізушісі, аналары Зайтун – ауыл балабақшасында қызмет етеді. Туған әпкелері Зарина – ауыл мектебінде ұстаздық етсе, інілері Қасым – мектеп оқушысы. Алиевтер – көпбалалы, еңбекқор әрі тату отбасы. Бұл әулетте Асан мен Үсеннен басқа егіз жоқ, сондықтан олар үйдің де, ауылдың да ерекше мақтанышы.

Мектеп кезінде егіздердің бір-біріне ұқсастығы мұғалімдерді талай шатастырған. Бір күні Үсен дайындыққа келе алмай қалғандықтан, оның орнына Асан сахнаға шығып, ағасының өлеңін оқып береді. Мұғалімдер байқамай, «Үсен, даусың ерекше шығыпты!» деп мақтапты. Кейін «құпия» ашылғанда сыныптастары ду күлген.

Қазір Асан мен Үсен Отан алдындағы борышын адал өтеп жүр. Әскери өмірдің тәртібі мен жауапкершілігі оларды бұрынғыдан да шыңдап, өз-өзіне сенімді еткен. Асан әскери қызметті өмірлік жолы ретінде таңдауды қаласа, Үсен техника мен инженерия саласына қызығады.

- Әскер бізді темірдей тәртіпке үйретті. Әскер қатарына алынған сәттен бастап біз бауырмалдықтың, тәртіп пен елге адал қызмет етудің маңызын терең сезіндік. Егіз ретінде бір-бірімізге тірек болып, борышымызды абыроймен өтеу – ең үлкен мәртебе, – дейді егіздер.

Олар өз қатарындағы сарбаздарға және өздерінен кейін әскерге шақырылатын жастарға: «Әскерге барудан қорықпау керек. Бұл – әр жігіттің өміріндегі ең үлкен сынақ әрі ер жетудің мектебі» дейді.

Беркінбай Асылхан мен Сабырхан Нұржанұлы 2005 жылы 14 тамызда Түркістан облысы, Абай ауылында дүниеге келген. Қазақ отбасында туған. Екеуі Ө.Жәнібеков атындағы орта мектепті 9-сыныпқа дейін оқып, кейін №13 колледжде білім алған.

Беркінбайлар отбасы – көпбалалы, тату жанұя. Әкелері Нұржан, аналары Раиса – еңбекқор, балаларына үлгі жандар. Ал егіз ұлдар – сол әулеттің ерекше қуанышы. Бұл отбасында да Асылхан мен Сабырханнан басқа егіз жоқ.

Колледжде оқып жүргенде, олардың бір-біріне қатты ұқсайтыны соншалық, мұғалімдер жиі шатастыратын. Бір күні Сабырханның орнына Асылхан емтихан тапсырып, жоғары баға алған. Кейін шындық белгілі болғанда, топ жетекшісі жымиып: «Егіздерге жеке журнал ашу керек шығар!» – деп әзілдепті.

Бүгінде Асылхан мен Сабырхан да әскери өмірдің жауапкершілігін терең сезініп жүр.

- Әскер – ер жігіттің мінезін қалыптастыратын үлкен мектеп. Мұнда сабыр, тәртіп, достық деген ұғымның шын мәнін түсіндік. Біріміз әлсіресек – екіншіміз жігер береміз. Егіз болу – артықшылық емес, жауапкершілік, – дейді олар.

Егіздердің арманы – әскер қатарында қалу, келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыру. Бірлік, тәртіп және адалдық – егіздердің өмірлік ұстанымы. Екі жұп  егіздердің өмір жолы – бауырмалдық пен Отанға адал қызметтің жарқын көрінісі. Түркістанның қос ауылынан шыққан бұл төрт сарбаз бүгінде ел тыныштығын күзетіп, жауапкершілік пен тәртіпті биік ұстап жүр. Олардың ортақ мақсаты – туған жердің бейбіт аспанын қорғау, елге пайдасы тиетін азамат болу.

Лейтенант Әлия Әбдіғалиева, Алатау қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -