Жауапкершілік пен абырой

517
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Есеп пен тәртіп, нақтылық пен жауапкершілік – бұл ұғымдар әскери қаржыгердің күнделікті еңбегімен тығыз байланысты. Сол жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген жанның бірі – 5573 әскери бөлімінің аға маманы (бухгалтер) сержант Бақытгүл Темірова. Ол үшін әрбір сан – сенім, әрбір есеп – ел алдындағы борыш. Қызметіне деген адалдығы мен табандылығы оны әріптестеріне үлгі, ұжымына тірек етті.

Жоғары   оқу   орнын   «Қаржы» ма­мандығы бойынша тәмамдаған Бақытгүл Кеншілікқызы кәсіби жолын дәл осы салада көремін деп армандаған. Бірақ өмір жолы оны ерекше жауапкершілік пен тәртіпті қажет ететін әскери қызметке алып келді. Бүгінде ол өз мамандығын мақтанышпен атқарып, әскери ортада қар­жы­лық тәртіптің айқын үлгісін көрсетіп келеді.

— Әскери бухгалтердің қызметі — жай ғана есеп-қисап жүргізу емес, бұл үлкен жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды сала, — дейді кейіпкеріміз.

Күнделікті қызметінде ол тек сандармен емес, жауапкершілікпен жұмыс істейді. Себебі, қаржы саласындағы әрбір шешім жеке құрамның қамтамасыз етілуі мен бөлімнің жауынгерлік әзірлігіне әсер етеді.

Ал дала жағдайында немесе күтпеген жағдайларда қаржыгерден же­дел әрі нақты шешім талап етіледі: резервтік қорларды қалыптастыру, шығындарды оңтайландыру, қаржылық жоспар құру — мұның барлығы да жоғары кәсіби шеберлікті қажет етеді.

— Әскери қызметтегі әрбір жетістік — бұл жеке еңбектің ғана емес, бүкіл ұжымның бірлігі мен тәртіптің жемісі, — дейді сержант Бақытгүл Темірова.

Қызметтің қиындығына қарамастан, Бақытгүл Кеншілікқызы отбасы мен жұмыстың арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысады.Жолдасы туризм саласында еңбек етеді, екі ұлы мектеп оқушысы, ал кенже қызы балабақшаға барады.

— Менің отбасым – менің тірегім. Олардың қолдауы маған күш-қуат береді. Әскери қызметтің қиындығын да, қуанышын да солармен бөлісемін, — дейді ол.

Бос уақытында спортпен айналысады, жүзу мен гимнастиканы ұнатады, сурет салып, музыка тыңдайды. Ас үйде жаңа тағамдар дайындау мен кітап оқу — оның сүйікті хоббилерінің бірі.

Күн сайынғы есеп-қисап пен сансыз құжаттардың артында үлкен жауапкершілік, шыдамдылық пен ұқыптылық жатыр. Ал осы қасиеттердің барлығы Бақытгүл Кеншілікқызының бойынан табылады. Ол өз еңбегі ар­қылы ел тыныштығын қамтамасыз ету ісіне үнсіз, бірақ маңызды үлес қосып келеді. Қай салада еңбек етсе де, адалдық пен ұқыптылық – адамның абыройы. Ал Бақытгүл Кеншілік­қызы сол абыройдың лайықты иесі.

Лейтенант Әйгерім Балтабаева

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -