12 қараша күні сағат 22:10 шамасында Ақтөбеде Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінің қызметкерлері жедел ақпаратқа сәйкес әрекет етіп, күдік тудырған азаматты ұстады. Жедел басқару орталығынан хабар түскен, деп хабарлайды DKNews.kz.
Келіп түскен хабарламада Желеянка ауданы, Қ. Сәтбаев көшесінде 35–40 жас шамасындағы азамат күдік тудырып тұрғаны айтылған. Әскери жасақ кезекшісі ақпаратты ести сала оқиға орнына бет плып, бірнеше минуттан соң лейтенант Азамат Бисембин хабарламада сипатталған адамды тауып, профилактикалық әңгімелесу үшін оған жақындаған.
«Азаматпен сөйлесу барысында оның есірткі заттарын қолданғанын бірден байқадым және полицияға хабар бердім», — деді Азамат Бисембин.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері азаматты сырттай тексеріп, ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес затты анықтады. Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлімі «Есірткі заттарын заңсыз сақтау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұлттық ұлан қызметкерлерінің жедел әрекеті арқасында Ақтөбеде қоғамдық тәртіп сақталып, қауіптің алдын алу мүмкін болды.