Қазақстанның қаржы реттеушісі ЖИ реттеуін ЭЫДҰ мен BIS қағидаттарына сай қалыптастырмақ

451
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Central Asia FinTech Summit пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Агенттік басшысы қаржы реттеушісін цифрлық трансформациялаудың негізгі бағыттарын ұсынды және Қазақстанның қаржы секторына жасанды интеллектіні енгізу перспективаларын белгіледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мәдина Әбілқасымова қаржы нарығы әдеттегідей технологиялық өзгерістердің алдыңғы қатарында екенін атап өтті.

«Қаржы нарығы әрдайым барлық технологиялық өзгерістердің, инновациялық шешімдердің алдыңғы шебінде. Жасанды интеллект саласы да назардан тыс емес. Бүгінгі таңда ЖИ қаржы секторында кеңінен қолданылуда», - деді Агенттік Төрағасы.

Ұлттық Банктің деректері бойынша Қазақстан банктерінің 75%-ы ЖИ-ді кредиттік скоринг, антифрод-жүйелер, маркетинг және клиенттік сервистер сияқты бағыттарда пайдалануда. Бұл ретте ЖИ енгізу қаржы ұйымдарының ауқымы мен мүмкіндіктеріне қарай әр түрлі дәрежеде.

Агенттік басшысы қаржы ұйымдарын талдау және сауалнама жүргізу нәтижесі бойынша ЖИ дамуына бірыңғай стандарттардың болмауы, деректер сапасы мен кадрлардың тапшылығы кедергі болып отырғанын атап өтті.

«Негізгі қиындықтар бірыңғай стандарттардың болмауына, деректер сапасы мен мамандардың жетіспеуіне байланысты болып отыр. Әр қаржы ұйымы өзі эксперимент жасайды, бірақ жасанды интеллект жүйелері қалай жұмыс істеуі керек деген бірыңғай тәсіл әлі жоқ. Жасанды интеллектіні одан әрі енгізу үшін адам ресурстарына ғана емес, сонымен қатар есептеу қуатына, бұлтты платформаларға және киберқорғау жүйелеріне де айтарлықтай инвестициялар салу қажет. Ұлттық Банк пен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі нарықтың барлық қатысушысына бірдей инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиіс», - деді реттеуші басшысы.

Мәдина Әбілқасымова Агенттік халықаралық тәжірибені мұқият зерделеп, ЭЫДҰ және Халықаралық есеп айырысу банкі (BIS) қағидаттары негізінде қаржы секторында ЖИ реттеуді құратынын атап өтті.

Агенттік жаңа технологияларды ендіру және қадағалау қызметін цифрлау үшін Цифрлық реттеуші стратегиясының негізгі бағыттарын іске асыруды жалғастыруда.

«Біз өзгерістерге ден қойып қана қоймай, олардан озық  заманауи, технологиялық және тұрақты цифрлық реттеушіні қалыптастырып жатырмыз. Бүгінгі таңда Агенттіктің SupTech және RegTech шеңберіндегі барлық қадағалау құралдары бірыңғай цифрлық қадағалау платформасына біріктірілді», - деді реттеуші басшысы.

Сөз соңында Төраға жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру жай технологиялық процесс емес, реттеушінің де, қаржы секторының да мәдениеті мен жұмыс істеу қағидаттарының өзгеруі екенін атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -