Алматы қаласы Алатау ауданының мектеп оқушылары арасында алғашқы әскери дайындық бағыты бойынша Туды алып шығу, сапта жүріп ән айту және саптық тәсілдерді орындау сайысы өтті. Бұл сайыс жасөспірімдердің әскери машықтарын шыңдап, бойларына тәртіп пен жауапкершілікті сіңіруді, сондай-ақ отансүйгіштік пен ұйымшылдық қасиеттерін қалыптастыруды мақсат етті.
Аталған жарысқа Гүлнара Ахметова басшылық ететін №210 мектеп-лицейінің оқушылары ерекше белсенділікпен қатысты. Мектеп атынан Ту ұстаушы топты Жалын Қызыхан бастап шықса, бөлімше командирі міндетін 11-сынып оқушысы Самғар Аманжолұлы атқарды. 10–11-сынып оқушылары Рамазан Идирисов, Тілеулес Қалдыбай, Еларыс Слямбек, Зере Бөлекбаева, Аяулым Марат, Жібек Нұрлан, Аяна Тілектес, Жәнібек Бердібек, Айарыс Бахтияр және Алмас Қазиев саптық дайындықтарын жоғары деңгейде көрсетіп, қойылған тапсырмаларды мінсіз орындап шықты.
Сайыс қорытындысы бойынша Самғар Аманжолұлы «Ең үздік бөлімше командирі» атағына ие болып, І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, мектептің Ту ұстаушы тобы да үздіктер қатарынан көрініп, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Айта кету керек, Алатау ауданындағы №210 мектеп-лицейінде жаңадан құрылған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбын 80 жылдық тарихы бар Ұлттық ұланның 7552 әскери бөлімі қамқорлығына алған болатын. Бұл қамқорлық – жас ұрпаққа әскери тәрбие берудің жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді.
«Жас бүркіт» сыныбының басты мақсаты – жасөспірімдерді отансүйгіштікке, тәртіп пен ерлікке баулу, әскери қызметтің маңызын терең түсіндіру және болашақта ел қорғаны болуға дайындау. Сыныпта оқушылар алғашқы әскери дайындық сабақтарымен қатар, саптық және тактикалық жаттығуларды меңгереді, қару-жарақтың құрылымымен танысады, дене шынықтыру және азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын үйренеді.
«Жас бүркіт» сыныбының жетекшісі, Ұлттық ұлан ардагері, запастағы полковник Ниязтай Әлкешев бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығына тоқталып, былай деді:
– Мұндай іс-шаралар жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастырады. Әр жас өз елінің Туын биік ұстап, оны қорғауға әрқашан дайын болуы тиіс. «Жас бүркіт» сыныбы – ертеңгі ел қорғаны болатын жас ұландардың алғашқы мектебі, – деді ол.
Мектеп-лицей директоры Гүлнара Ахметова да шәкірттерінің жетістіктеріне ризашылығын білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
– Оқушыларымыздың әскери-патриоттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлеміз. Елін сүйетін, жауапкершілігі жоғары, тәртіпті ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз, – деді мектеп басшысы.
Жарыс жас ұрпақтың рухын көтеріп, елжандылық сезімін күшейтті. Осындай іс-шаралар оқушылардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, Отан қорғаушылар қатарына қосылуға деген ынтасын оятады.
Бүгінгі «Жас бүркіт» – ертеңгі ел қорғаны.
Подполковник Бақыт Әліпбаев, Алматы қаласы