Ақтау қаласында ел ішіндегі талапты да талантты жастарды қолдап, жаңа есімдерді өнер көгіне шығарып келе жатқан дәстүрлі «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биылғы байқауда түрлі бағытта бағын сынаған жас дарындар өз номинациялары бойынша үздіктер қатарын толықтырды.
Солардың ішінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Жаңаөзен қаласындағы 5548 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Арал Базарбаев «Үздік мобилограф» атанып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Жас жауынгер фестивальге қатысу идеясын Бекет атаның 275 жылдығына арналған бейнеролик түсіруден бастағанын айтады. Оның айтуынша, бұл — тек шығармашылық шабыт емес, сонымен бірге туған өлке тарихына тағзым ету ниетінен туған дүние.
Бұл фестиваль жайлы естіп, өзімді сынап көргім келді. Бекет атаның мерейтойына арнап видео түсіріп, байқауға ұсындым. Қазылар алқасына еңбегім ұнап, осындай марапатқа ие болып отырмын. Ұлттық ұлан қатарында мобилография саласы жақсы дамып келеді. Біз әскердің күнделікті тыныс-тіршілігін фото, видео форматында түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялап отырамыз, – дейді қатардағы жауынгер Арал Базарбаев.

Айта кетейік, жас мобилографтың жұмысы жоғары бағаланып, ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хат пен 80 мың теңгелік сертификат табысталды.