2100 қақпақтан жасалған EcoBox: Семейде оқушылар экологиялық STEM қалай жұмыс істейтінін көрсетті

572
Фотосурет: Gov

Семей қаласы №51 «Келешек мектебінде» оқушылардың экологиялық мәдениетін дамыту мақсатында STEM бағыты негізінде EcoBox жобасы жүзеге асырылды. 6–7 сынып оқушылары пластик бөтелке қақпақтарын жинап, оларды қайта өңдеу арқылы мектеп дәлізіне арналған экоқоқыс жәшігін дайындады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жұмыс барысында оқушылар пластиктің қасиеттерін зерттеп, жәшік макетін жасап, қақпақтарды біріктіру тәсілдерін тәжірибеде меңгерді. Сонымен қатар жәшіктің өлшемдері мен пішіндік пропорцияларын есептеп, STEM бағыттарының (Science, Technology, Engineering, Mathematics) негізгі элементтерін қолданды.

Оқушыларға идея республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында келді. Балалар айналадағы пластик қалдықтарының қаншалықты көп екенін түсінген. Оқушылардың айтуынша: «Әр жиналған қақпақ – таза елге қосылған бір кішкентай қадам».

Оқушылар шамамен 2100 қақпақ пайдаланған. Дайын EcoBox мектеп ішінде орнатылып, пластик қалдықтарды сұрыптап жинауға мүмкіндік беріп отыр.

Алдағы уақытта мектеп ұжымы қақпақтардан EcoBench (экоорындық) жасау, мектеп ауласын экологиялық материалдармен абаттандыру және «STEM EcoLab» бұрышын ашып, тәжірибелік экожобаларды кеңейту бойынша жұмысты жоспарлап отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -