Қазақстан әлеуметтік саладағы бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейтуде

704
Фотосурет: UKIMET

Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік қолдау жүйесін және жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде жекеменшік мектептер қызметін реттеудің жаңа тетігін жетілдіру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мемлекет басшысының цифрландыру арқылы бюджет қаражатын жұмсау тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Бірыңғай цифрлық платформаны (БЦП) енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы 16 ұйым цифрландырылды. Биылғы шілде айынан бастап 9 мыңнан астам ұйымның штаттық кестелері декларациядан өтті, бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.

Цифрландыру әлеуметтік салада бірқатар «сұр схемаларды» анықтауға мүмкіндік берді. Нақтырақ айтсақ, 40 мыңға жуық азаматқа ресми еңбек шарттары болмаса да, зейнетақы жарналары аударылғаны белгілі болды. Қызметкерлер ресми түрде бір аймақтағы мектеп штатында болғанымен, басқа облыстардағы ұйымдарда да еңбек шартына отырып, зейнетақы жарналарын аударған жағдайлар анықталған. Барлық анықталған дерек бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ кадрлық процестерді автоматтандыру нәтижесінде 9,6 мың мектептің штат кестесінен Тізілімге енгізілмеген, бірақ ұйым басшылары өз бетінше қосқан 75 лауазым анықталды. Мәселен, олардың арасында директордың мектепке қабылдау жөніндегі орынбасары, атқарушы директор сияқты тағы да басқа лауазымдар бар. Осыған байланысты Тізілімді бірыңғай стандартқа келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Светлана Жақыпова БЦП-ны адам игілігіне бағытау тұжырымдамасын ұсынды. Бүгінгі таңда бұл мәліметтер базасымен 4,5 млн адам қамтылған. Мәселен, отбасын қаржыландыру жоспары арқылы әлеуметтік міндеттемелерді болжау ұсынылып отыр, онда АӘК және басқа да жәрдемақылардан бастап мектепке дейінгі оқытуды субсидиялауға, тегін спорт секцияларын ұйымдастыруға дейінгі әлеуметтік қолдау шараларының барлығы кешенді түрде көрсетіледі. Бұл азаматтарды әлеуметтік қорғаудың жалпы сипатын көруге мүмкіндік береді.

Премьер-министр мұндағы өзгерістердің көзге көрінетін нақты нәтижелері болуы қажет екеніне назар аударды, ол тиімсіз шығындарды азайтуға және көмек шараларын азаматтардың нақты мұқтаж санаттары пайдасына қайта бөлуге ықпал етуі керек. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы автоматтандыру және әлеуметтік алаяқтыққа қарсы күрес, оның ішінде «өлі жандарды» жою жұмыстары аясында мемлекеттік бюджетке 299 млрд теңге қайтарылған. Алдағы үш жылда субсидиялау бағдарламасын цифрландыру және өзге де шаралар бюджет қаражатының 135 млрд теңгесін оңтайландыруға әкеледі деп күтілуде.

*****

Жиында білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелер қаралды. Жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге назар аударылды. 

Бұған дейін Премьер-министрдің тапсырмасымен мемлекеттік білім беру тапсырысының қаражатын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілген болатын. 

Қаржы министрі Мәди Такиев осы саладағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. 

Биыл қараша айында e-Qazyna.kz веб-порталында OrtaBilim ақпараттық қызметі іске қосылды. Жүйе білім алушылардың саны мен контингентін, рұқсат құжаттарының болуын және басқа да автоматты тексеру арқылы деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, 745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі – тойхана ретінде, Шымкентте – сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген.   

64 мектепте білім алушылар контингенті жобалық қуатынан 2 есе артық. Мысалы, Алматы облысында орналасқан жобалық қуаты 60 адамға есептелген жекеменшік мектептердің біріне іс жүзінде 702 оқушы қабылданған. Бұл жерде азаматтарға білім беру қызметтерін ұсынған болып мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсайтындар туралы сөз болып отыр.

Астана қаласындағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 адам көрсетілген. 

Сонымен қатар жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері анықталды.

Жаңа сервис білім беру саласындағы барлық ақпараттық жүйелерді біріктіреді. Бұл мектептер мен мұғалімдерге жүктеме талаптарының сәйкестігін бақылау шараларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ орынсыз шығындарды сүзгіден өткізу және жол бермеу арқылы бюджет жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда жекеменшік мектептердің 86%-ы авторизациядан өтіп, БЦП-мен пайдаланушы келісіміне қол қойды. Қаржы министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, жекеменшік мектеп директорларымен қаржыландыру жүйесін өзгерту туралы түсіндіру семинарларын өткізуде. Биыл көрсетілген қызметтер үшін мектептерге төлемдер жасалатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтарынан бастап мұндағы қызмет жаңа ақпараттық жүйемен қатаң реттелетін болады. Алдағы уақытта осы сервиске білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландырудың барлық түрін қосу жоспарлануда. Олар – мемлекеттік тапсырыстар, гранттар, стипендиялар және жатақхана орындарымен қамтамасыз ету жұмыстары.

«Жүргізілген тексеру жұмыстары жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселелерінде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Шындығында, біз мемлекеттің жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлейтінін көріп отырмыз. Бұл нарықта тұтастай заңсыз индустрия қалыптасты. Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі келесі қаржыландыру жылынан бастап аталған салада толықтай тәртіп орнатуы керек. Бірде-бір мемлекеттік теңге нарыққа жосықсыз қатысушылар мен шенеуніктердің қалтасына түсіп, ысырап етілмеуі тиіс» Олжас Бектенов

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Оқу-ағарту  министрліктеріне, сондай-ақ өңірлердің әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -