Шымкент гарнизонында әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының жауынгерлері әскери тумен қоштасты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шымкент гарнизонына қарасты әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының саптық алаңында әскери тумен қоштасу рәсімі өтті. Қатарында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген 30-ға жуық сарбаз сап түзеп, әскери өмірінің жауапты кезеңін аяқтады.
Бұл күні саптық алаңда жас әскерилер ғана емес, бір жыл ішінде жоғары тәртіп пен жауынгерлік дайындық үлгісін көрсеткен сарбаздар да сапта тұрды. Салтанатты шараға бригаданың командирлік құрамы, әскери қызметшілер мен Қарулы Күштердің ардагерлері қатысып, әскерилерге алғыс білдіріп, болашақ өмір жолына сәттілік тіледі.

Бірқатар үздік сарбаздарға қызметтегі үлгілі тәртібі мен жауапкершілігі үшін алғыс хаттар мен грамоталар табысталды. Олардың арасында қатардағы жауынгер Азамат Гавит те бар. Ол бір жылдық әскери қызмет барысында жауынгерлік және дене дайындығы сабақтарында үздік нәтиже көрсетіп, өз міндетін жоғары деңгейде орындағаны үшін ерекше аталды.

Азамат Гавит «Сарочник 2.0» бағдарламасы аясында Алматы технологиялық университетінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл — әскери қызметшілер үшін жаңа өмірлік мүмкіндіктер ашатын маңызды әлеуметтік жоба.

«Әскер маған көп нәрсе үйретті. Мұнда тәртіп, жауапкершілік пен командалық рухтың мәнін түсіндім. Енді алған тәжірибем мен білімімнің арқасында өмірдің жаңа кезеңіне сеніммен қадам басамын. Мұндай мүмкіндік үшін өз командирлеріме және барша ұстаздарым мен тәлімгерлеріме алғыс білдіремін», — деді қатардағы жауынгер Азамат Гавит.

Саптық алаңда соңы әскери маршпен аяқталған бұл рәсім сарбаздардың бойындағы мақтаныш сезімін оятып, олардың әрқайсысының есінде ерекше күн ретінде қалды.