Қорғаныс министрінің орынбасары іс-сапармен Ақтау гарнизонына барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев әскери басқарудың тиімділігін арттыру, тәртіпті нығайту және әскери қызметшілердің қызмет ету жағдайларын жақсарту бағытында бірқатар іс-шаралар өткізді.
Теңіз жаяу әскерлері бригадасының мәдени-демалыс орталығында вице-адмирал Борамбаев Ақтау гарнизонының барлық әскери бөлімдерінің офицерлері және сержанттарымен кездесті. Іс-шараға одан өзге «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов, Ақтау гарнизонының әскери прокуроры әділет майоры Саян Акиров, «Отбасы банк» қызметкерлері және әскери бөлім командирлері қатысты.

Кездесу барысында әлеуметтік қолдау, тұрғын үй бағдарламаларының жүзеге асырылуы, әскери инфрақұрылымның сапасы, жеке құрамның кәсіби өсу перспективалары, сондай-ақ «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелері талқыланды.
Әскери қызметшілер Қорғаныс министрлігі басшылығына тікелей сұрақтар қойып, қызмет пен тұрмыс жағдайларын жақсарту жөнінде ұсыныстарын айтты.

Ақтауда вице-адмирал Серік Борамбаев Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне де барды. Онда ол шақыру науқанының барысын тексеріп, комиссия жұмысының ұйымдастырылуымен танысты, әскери қызметшілермен және шақырылушылармен сөйлесті. Тексеру қорытындысы бойынша ол шақыру комиссияларының жұмыс сапасы мен ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.

Жаңаөзен қаласында ол әуе шабуылына қарсы қорғаныстың жеке радиолокациялық ротасында болып, әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайларын көрді. Министрдің орынбасары казарманы, асхананы, оқу сыныптарын қарап, мерзімді қызмет атқаратын сарбаздармен әңгімелесті. Бөлімшенің техникалық жарақтандырылуына, жеке құрамның дайындық деңгейіне және қызметті толыққанды атқаруға жасалатын жағдаймен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылды.