Сенат депутаттары Әли Бектаев, Нұрлан Бекенов және Айгүл Қапбарова Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысы депутаттарының делегациясымен, оның ішінде «Әділет және даму партиясы» төрағасының түркі елдерімен байланыс жөніндегі орынбасары Күршад Зорлумен кездесті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және бірқатар бағыттар бойынша қазақстандық-түріктік әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Кездесуде Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Қазақстанның түркі мемлекеттерімен тиімді өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Ол сондай-ақ екі мемлекет басшылары арасындағы достық қарым-қатынастар Қазақстан-Түркия байланыстарын нығайтуға серпін беретінін баса айтты.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Сенатор халықаралық ұйымдар шеңберінде, оның ішінде парламентаралық деңгейде өзара іс-қимылды одан әрі күшейту қажеттігіне назар аударды. Тараптар парламентаралық диалогты кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Осы орайда, достық топтары және парламентаралық бірлестіктер шеңберіндегі өзара іс-қимылмен қоса парламентаралық байланыстарды нығайту туралы пікір алмасу өрістеді.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
«Біз Қазақстан Парламенті мен Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы арасындағы қалыптасқан достық байланыстарды жоғары бағалаймыз және оларды нығайтуға, заңнамалық тәжірибе алмасуға мүдделіміз. ТүркПА – ынтымақтастықты күшейтудің катализаторы болып саналатын маңызды халықаралық алаң. Биыл Астанада ТүркПА-ның жалпы отырысы өтті, онда төрағалық Қазақстанға ауысты. Түрік тарапына елімізді қолдағаны және осы шараға жоғары деңгейде қатысқаны үшін тағы да алғысымызды білдіреміз», – деді Әли Бектаев түрік әріптестеріне.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Сонымен қатар, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге қатысты мәселелер талқыланды және түрлі салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру туралы пікір алмасу өтті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ және қорғаныс өнеркәсібі, көлік, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, қаржы және азаматтық авиация сияқты басқа да салалар туралы сөз қозғалды.