«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету және «Адал Азамат» жобасын іске асыру мақсатында Қаржылық мониторинг агенттігі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп, Астана қаласының 6–7 сынып оқушылары арасында «QARZHYSKILL» қаржылық қауіпсіздік чемпионатын бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Білім беру сайысына елордадағы 6 ауданның шамамен 100-ге жуық мектебі қатысуда.
Бағдарлама үш кезеңнен тұрады: мектептік, аудандық және финалдық. Бұл кезеңдер балалардың қаржылық қауіпсіздік дағдыларын біртіндеп дамытуға және кең ауқымды қатысуға мүмкіндік береді.
«QARZHYSKILL» бастамасының негізгі мақсаты — қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтарды, әсіресе ең осал топтардың бірі болып саналатын кәмелетке толмағандарды, алаяқтықтан қорғау. Жоба өсіп келе жатқан ұрпақтың қаржылық сауаттылығы мен қауіпсіз мінез-құлық мәдениетінің негізін қалыптастырады.
Астанадағы пилоттық кезең аяқталғаннан кейін, 2026 жылдан бастап жоба Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде кеңінен жүзеге асырылмақ.