Энергетика министрлігі мен «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» ЗТБ бірлесіп, Қазақстандағы ірі халықаралық мұнай-газ жобаларында тауарлар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы бағытта ішкі нарықта отандық тауарлар, жұмыстар және қызметтерді ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді отандық өндірушілердің халықаралық сертификаттаудан өтуді өтеу шегі 3000 АЕК-тен 15 000 АЕК-ке дейін өсірілді. Бағдарламаның жалпы бюджеті 2 млрд теңгеден асады.
Бұл шаралар шығындарды 60 млн теңгеге дейін өтеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бизнеске түсетін қаржылық жүктемені азайтып, халықаралық сертификаттаудан өтуге қатысты тәуекелдерді айтарлықтай төмендетеді. Ал қажетті сертификаттарды алу қазақстандық өндірушілердің мұнай-газ операторларының сатып алуларына қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар, бұл экспорттық әлеуетті арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.