Қазақстанның әлемдік экономикаға қалай интеграцияланып жатқаны

693
Фотосурет: Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы"РММ

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Президенттік орталығында «Тұрақты өсімге жол: Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциясы» атты панельдік пікірталас өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес қауымдастықтардың, академиялық және сарапшылық орта өкілдерінің, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларының қатарынан шамамен 70 адам қатысты.

«Жаһандық жүйенің бір бөлігі бола отырып, Қазақстан баршамен бірге бір қайықта отыр және бұл үдерістерден тыс қала алмайтыны анық. Заманауи сын-қатерлерге жауап ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономиканың жүйелі мәселелерін – шикізатқа тәуелділікті, еңбек өнімділігінің төмендігін, инновациялардың жеткіліксіздігін, кірістердің біркелкі бөлінбеуін еңсеруге бағытталған экономикалық стратегия ұсынды. Біздің кездесуіміздің мақсаты – Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндеттер аясында Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуының өзекті мәселелерін сараптамалық тұрғыдан талдау және талқылау», – деді Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат өз сөзінде.

Өз кезегінде ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Зарина Жақсенова Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі және Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы кезеңінде орын алған халықаралық экономикалық үдерістер туралы айтты.

Халықаралық бәсекелестіктің күшеюі және жаһандық сауда жүйесінің трансформациясы жағдайында Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты негізгі халықаралық экономикалық институттарға қатысуы ұлттық мүдделерді ілгерілетудің, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың және елдің жаһандық экономикалық үдерістерге тереңірек кірігуінің маңызды тетігі болып табылады.

Іс-шара барысында сарапшылар бұл қадамдардың сыртқы сауданың дамуына, экспорттық әлеуеттің артуына және бизнес үшін экономикалық мүмкіндіктердің кеңеюіне қалай әсер еткені жөнінде талдау жасады.

«Азия Даму Банкі Қазақстан экономикасының тұрақты және теңгерімді дамуын жан-жақты қолдайды, Үкіметтің реформаларын жүзеге асыруға техникалық көмек пен заемдар беру арқылы қолдау көрсетеді», – деп бөлісті Азия Даму Банкінің Қазақстандағы тұрақты өкілдігінің бас экономисі Геннадий Рау.

Бағдарламалық құжаттар мен Президент Қ.К.Тоқаевтың Жолдауларында айқындалған мақсаттар контексінде экономикалық басымдықтарды іс жүзінде іске асыру жолдарын сараптамалық тұрғыдан қарастыру ерекше маңызға ие.

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы жобалар үйлестірушісі Ерлан Дайырбеков өз сөзінде жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігі бойынша жобалардың іске асырылуы, зиянды шығарындыларды азайту және елдегі «жасыл» экономиканың әлеуеті туралы айтып берді.

«Елдің тұрақты дамуы – бұл экспорт әлеуеті мен ішкі сұранысты ескере отырып, өндіріс пен тұтынудың теңгерімі», – деді ол.

Сонымен қатар, қатысушылар өзекті экономикалық үрдістерді талқылап, Қазақстанның жаңа экономикалық моделін жүзеге асыруға бағытталған қадамдарды айқындады.

Іс-шара қорытындысы бойынша панельдік пікірталастың ақпараттық материалдарының электрондық каталогы әзірленеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -