ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында «Әлеуметтік психотерапевттер, кеңесшілер және психотехнологтар халықаралық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тараптар әскери ұжымдардағы психологиялық денсаулықты алдын алу жүйесін жетілдіру және әскери психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Ынтымақтастық аясында заманауи психокоррекциялық әдістемелерді енгізу, мамандарды оқыту және ортақ кәсіби стандарттарды әзірлеу жоспарлануда.
Іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков, Әлеуметтік психотерапевтер, кеңесшілер және психотехнологтар халықаралық қауымдастығының президенті Владимир Савкин, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Константин Авершин, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов, сондай-ақ құқықтық тәртіп әскерінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында генерал-майор А. Балтабеков жеке құрамның психологиялық жағдайына қамқорлық жасау Ұлттық ұлан жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Константин Авершин профилактикалық жұмыстың практикалық тиімділігіне назар аударып, заманауи тәсілдерді қолданудың маңыздылығын айтты.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ұлттық ұлан қатарында 68 психолог қызмет атқарады. Мамандар әскери қызметшілерге кәсіби психологиялық көмек көрсетеді, диагностикалық тестілер жүргізеді, жеке және топтық кеңестер ұйымдастырады, профилактикалық іс-шараларға қатысады және жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалын тұрақты бақылап отырады. Олардың жұмысы әскери қызметшілердің мінез-құлқындағы ауытқушылықтарды дер кезінде анықтауға және қажетті көмекті уақытылы көрсетуге бағытталған.
Ерекше көңіл жас жауынгерлер курсындағы қызметке бөлінеді. Психологтар мерзімді әскери қызметін өтеуге келген жауынгерлердің жеке ерекшеліктерін зерделеп, бастапқы психологиялық тексеруден өткізеді, әскери ортаға бейімделуіне жәрдемдеседі және ұжымда дұрыс мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Жас сарбаздарды психологиялық сүйемелдеу Әскери ант қабылдағанға дейін және одан кейін де жалғасып, олардың төзімділігін, жүктемелерге дайындығын және әскери ортаға бейімделуін қамтамасыз етеді.

Меморандум елдің Қарулы күштерінде бірыңғай психологиялық қолдау жүйесін қалыптастыру мен моральдық-психологиялық ахуалды нығайту жолындағы маңызды қадам болды.