«Жас сарбаз» балалар студиясының бишілері «Бірлігіміз жарасқан» конкурсында табысты өнер көрсетті

572
Фотосурет: Gov

Астанада Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік филармонияның сахнасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлігіміз жарасқан» республикалық балалар және жастар шығармашылығы фестивалі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шығармашылық сайыс хореография, вокал, халықтық, классикалық аспаптар сияқты өнер түрлері және мобилография бойынша ұйымдастырылды.

Іс-шараға 25 би ұжымы қатысты, олардың ішінде «Жас сарбаз» шығармашылық студиясының тәрбиеленушілері ерекшеленді. Студияның үлкен тобы «Заманауи би» номинациясында «Маэстро» композициясын орындап, бірінші орынды иеленді.

Біздің балалардың табандылығы мен еңбегі тамаша нәтиже бергеніне қуаныштымыз. Құзыретті қазылар алқасы нөмеріміздің көркемдік деңгейін және сахналық шешімін жоғары бағалады, – деді балалар студиясының жетекшісі, «Маэстро» композициясының қоюшысы лейтенант Альмира Асылбекова.

Орта топтың бишілері де өздерінің эмоцияға толы әрі энергиялы өнерімен көрермендердің жүрегін жаулап алды. Олар хореограф Жанна Ерғалиева қойған «Мектептегі бүлік» биін орындады.

Сондай-ақ хореограф Ержан Құдайбергенов дайындаған кіші топтың бүлдіршіндері де сенімді өнер көрсетті. Олардың әсерлі әрі көңілді «Қуанышты пингвиндер» композициясы көрермендер мен қазылар алқасының көңілін көтерді.

Нәтижесінде «Жас сарбаз» шығармашылық студиясының орта және кіші топтарының тәрбиеленушілері екінші орынға ие болды.

Жас бишілердің әрбір жетістігі оларды жаңа белестер мен жеңістерге шабыттандырады, ал олардың жан-жақты шығармашылық қабілетін ашу үшін тәжірибелі хореографтар аянбай еңбек етуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -