Аршалыда ұландықтардың «2–2024» шақырылымын запасқа шығару рәсімі өтті

891
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Аршалы кентінде орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімі жеке атқыштар ротасында «2–2024» шақырылымындағы мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару жөніндегі салтанатты рәсім өтті.

Бұл күні Түркістан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарынан келіп, абыройлы қызмет атқарған ұландықтарға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бөлім қолбасшылығы әскери қызмет өткеру барысында сарбаздардың тәртіптілігі, жауапкершілігі және қызметтік міндеттеріне адалдығын ерекше атап өтті.

Жеке құрам алдында сөз сөйлеген әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы подполковник Бахтияр Әубәкіров әрбір сарбазға әскери қызметті лайықты деңгейде өткергені үшін ризашылығын білдірді. Ол жиналған тәжірибе, шыңдалған мінез бен кәсіби дағдылар болашақ өмірлерінде берік негіз болатынын айтты.

"Сіздерге барлық бастамаларыңызда табыс, алға қойған мақсаттарыңыздың орындалуын тілеймін. Қызметтеріңіз үшін, әскери борышқа деген адалдығыңыз үшін алғыс білдіремін" Подполковник Әубәкіров

Сондай-ақ Аршалы кенті әкімінің орынбасары Абай Бекбаев та әскери қызметшілерге ақжарма тілектерін арнады.

"Сіздер өздеріңіздің азаматтық және әскери борыштарыңызды абыроймен орындадыңыздар. Ұлттық ұлан – бұл ерлікке тәрбиелейтін, тәртіп пен жауапкершілікке баулитын мектеп. Бүгін үйлеріңізге бұрынғыдан да ересек, шыныққан әрі өзіне сенімді азаматтар болып ораласыздар. Әрқайсыңызға алға қойған мақсаттарыңыздың орындалуын және жаңа биіктерді бағындыруды тілеймін. Біз сіздермен мақтанамыз және мұнда алған тәжірибелеріңіз болашақта сенімді тірек боларына сенеміз" Абай Бекбаев

Запасқа шығарылған сарбаздар үшін бұл күн өмірлеріндегі маңызды кезеңнің аяқталуы әрі жаңа жоспарлар мен мүмкіндіктерге бастайтын жауапты белес болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -