Парламент, әскер және Сарбаздардың аналар комитеті әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне бірлескен бақылауды күшейтеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасы Парламентінде Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың төрағалығымен Сарбаздардың аналар комитеті республикалық қоғамдық бірлестігі және Қорғаныс министрлігінің қатысуымен үшжақты отырыс өтті.
Кездесуде әскери қызметшілердің қауіпсіздігі, қызмет және тұрмыс жағдайлары, отбасылардың әлеуметтік қорғалуы, сондай-ақ армияның ашықтығын арттыру және оның оң имиджін нығайтуға бағытталған шаралар талқыланды. Бибігүл Жексенбай әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығы мемлекет үшін басымдық болып саналатынын атап өтіп, ата-аналар, қоғамдық ұйымдар және уәкілетті органдар арасындағы тұрақты диалог қоғамның армияға деген сенімін арттырудың маңызды тетігі екенін жеткізді. «Аналар жүрегі» Сарбаздардың аналар комитеті төрайымы Лилия Хайруллина әскери бөлімдерге жасалған жұмыс сапарларының нәтижелерін таныстырып, казармалар, асханалар және медициналық пункттердегі жағдайға жүргізілген мониторинг қорытындыларын ұсынды, сондай-ақ қызмет жағдайларын жақсарту және әскери қызметшілердің отбасыларын дер кезінде ақпараттандыру бойынша ұсыныстар айтты.
Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің тәрбие жұмысы басқармасының бастығы полковник Серғали Әлімқұлов әскери қызметшілердің қауіпсіздігін және олардың күнделікті өмір сапасын арттыруға бағытталған шаралар туралы баяндады. Бейнебақылау жүйесін жетілдіру, әскердегі ашық іс-шараларды дамыту, психологиялық және құқықтық қолдауды күшейту, кері байланысқа арналған цифрлық сервистерді енгізу бойынша ақпарат айтылды. Отырыста қатысушылар Сарбаздардың аналар комитетінің қоғамдық бақылауды қамтамасыз етудегі және армия мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
Тараптар үшжақты кездесулердің тұрақты форматын жалғастыруға, қызмет жағдайларын мониторингтеудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеуге, ата-аналармен коммуникациялық арналарды кеңейтуге және Қарулы Күштердің транспаренттілігін арттыру мен оның имиджін көтеру жөніндегі бірыңғай ұсыныстар топтамасын дайындауға уағдаласты. Отырыста айтылған барлық ұсыныстар жүйеленіп, әрі қарай қарастыру үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.