Алматыда «Борышкер» рейдтік іс-шаралары өтуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Алматы қаласының Полиция департаменті және Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп автокөлік құралдары бойынша салық берешегін өндіру мақсатында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Жеке сот орындаушыларының қаулысы шыққан борышкерлердің автомобильдері «Сергек» камераларының көмегімен анықталады және берешек толық өтелгенге дейін айыппұл тұрағына қамалады.
Бүгінгі таңда көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешек 4,5 млрд. теңгені құрайды. Берешектің негізгі бөлігі қозғалтқыштың үлкен көлемі 4000 текше см-ден асатын көліктерге тиесілі.
Алматы қ. бойынша МКД автокөлік иелерін айыппұл тұрағына қамауды және сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығындарды болдырмау үшін жақын арада салық берешегін өтеуге шақырады.