Дербес деректердің жоғалуы оларды үшінші тұлғалардың заңсыз пайдалануына алып келуі мүмкін.
Киберқылмыскерлер банктік шоттар мен жеке ақпаратқа қол жеткізу үшін фишингті қоса алғанда, әртүрлі схемаларды қолданады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тәуекелдерді азайту үшін қарапайым цифрлық гигиена ережелерін сақтау маңызды. Жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жібермеңіз, банк картасының толық деректемелерін, әсіресе CVV-кодты, SMS-кодтар мен құпиясөздерді жария етпеңіз. Күмәнді сілтемелер арқылы өтуден аулақ болыңыз және тексерілмеген көздерден лицензиясы жоқ қолданбаларды орнатпаңыз.
Құрылғыларыңызды үнемі тексеріп отырыңыз: антивирусты жаңартыңыз, спам мен күдікті хаттарды жойыңыз, қажетсіз жөнелтушілерді бұғаттаңыз және кэшті тазалаңыз. Деректердің жария болу қаупін азайту үшін қажетсіз таратылымдар мен сервистерден бас тартыңыз.
Әртүрлі аккаунттар үшін бірдей құпиясөзді пайдаланбаңыз. Күрделі құпиясөз кемінде 10 таңбадан – әртүрлі тіркелімдердің әріптері, цифрлар мен арнайы белгілер комбинациясынан тұруға тиіс.
Жалпыға қолжетімді Wi-Fi желілері арқылы интернет-банкингке кірмеңіз: олар көбіне қауіпті болуы мүмкін.
Өздерін банктің, әлеуметтік қызметтердің немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған жағдайда да, белгісіз адамдарға ешқашан жеке деректеріңізді бермеңіз.