Қорғаныс министрі Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Луговой гарнизонында қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов алдын ала ескертусіз «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 03811 әскери бөліміне барып, тексеріс жүргізді.

Ол жерде әскери бөлімдегі қызметтің ұйымдастырылуын, жарғылық тәртіптің сақталуын, жауынгерлік дайындықтың деңгейін, казармалардың жай-күйін, санитарлық аймақтарды және тамақтану сапасын бақылады. Ерекше назарды тұрмыстық жағдайларға, сарбаздарды қамтамасыз ету мәселелеріне және бөлімшелердегі қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру жұмыстарына аударды.

Министрдің сапары бөлімдегі салтанатты шарамен тұспа-тұс келді. Осы күні мерзімді қызметтегі 60 жас жауынгер Отанға адал болуға ант берді.
Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бұл сәттің әрбір қазақстандық үшін маңызды екенін атап өтті. Жас сарбаздарға арнаған сөзінде ол оларға жігер, мінсіз қызмет және жауынгерлік дайындықта табыс тіледі.

Осы маңызды сәтке ортақтасу үшін жас сарбаздардың ата-аналары еліміздің түрлі өңірлерінен келді. Олар үшін Ашық есік күні ұйымдастырылып, әскери бөлімде жасалған қызмет және тұрмыс жағдайымен таныстырылды. Сондай-ақ армия мектебінен өткен жастарға арналған әлеуметтік бағдарламалар туралы ақпарат берілді.
Мерекелік түскі асқа қонақтар әскери бөлімнің асханасына шақырылды. Министр мен ата-аналар дайындалған тағамдардың алуан түрлілігі мен сапасын бағалады. Бастапқыда ресми сипатта өткен әңгіме кейіннен еркін әрі шынайы әңгімеге ұласты. Жауынгерлер министрдің өмірбаянына, әскери жолына және түрлі гарнизондардағы қызмет тәжірибесіне қызығушылық танытты.

Өз кезегінде жас сарбаздар әскери бөлімнің тарихы жөнінде терең білімдерін көрсетті.

Бүгінде 03811 әскери бөлімі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы құрамындағы ең озық бөлімдердің бірі саналады, жауынгерлік ерлік пен әскери абырой дәстүрлерін лайықты жалғастырып келеді.

Әскери қызметшілердің ата-аналары министрге және әскери бөлім басшылығына ұлдарына жасалған қамқорлық пен олардың қызмет өткеру жағдайын өз көздерімен көруге мүмкіндік бергені үшін ризашылықтарын білдірді.

Сапар қорытындысы бойынша авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бөлім басшылығына күнделікті қызметті ұйымдастыруды жетілдіру, ішкі тәртіп пен әскери тәртіпті нығайту, тұрақты жауынгерлік дайындық пен қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар нақты тапсырмалар берді.
