Реактивті бақылаудан проактивті қалпына келтіруге көшу: Ақмола облысында 168 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді
2024 жылы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған түзетулер енгізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Заңнамадағы жаңашылдықтарға сәйкес көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға кедергі жасаған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын бұзушылықтар бойынша олардың мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға қайта жүгіну қажеттілігінсіз қалпына келтіру бойынша шаралар да қабылданады.
Заңға енгізілген өзгерісті орындау аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі неғұрлым талап етілетін мемлекеттік қызметтер көрсетілетін «Е-лицензиялау» жүйесінде көрсетілетін қызметті берушілер үшін азаматтардың бұзылған құқықтарын қайта жүгіну қажеттілігінсіз қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін модульді іске асырды.
Осылайша, 2025 жылдың өткен мерзімінде Департамент қызмет алушылардың шағымдарын қарау, тексерулер нәтижесінде 168 қызмет алушының бұзылған құқықтарын қайта жүгіну қажеттілігісіз, проактивті нысанда қалпына келтірді.
Мысалға, азаматқа Целиноград ауданының Қаражар ауылында сұратылған жер учаскесі елді мекеннің жолдарына қабаттасуына байланысты оны ұсынудан бас тартылған.
Шағымды қарау барысында Департамент мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту уәждерінің қателігін анықтап, жергілікті атқарушы органға қызмет алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы шешім енгізді. Соның нәтижесінде, мемлекеттік орган «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде шағым иесінің өтінімін қалпына келтіріп, оны қарау нәтижесінде азаматқа жер комиссиясының оң қорытындысы берілді.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы Департаменттің тұрақты бақылауында.