Мәжіліс банктер туралы жаңа заңды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында екінші оқылымда «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралды.
Заң жобасы банк заңнамасының кешенді реформасы болып табылады. Құжаттың құрылымы айтарлықтай жаңартылды: қолданыстағы нормаларға тексеру жүргізілді, талаптар оңтайландырылды, сондай-ақ корпоративтік басқару, іс-қимылды қадағалау және төлемге қабілетсіз банктерді реттеу мәселелері бойынша жаңа бөлімдер енгізілді.
Заң жобаларының негізгі мақсаты банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Негізгі новеллаларға банк қызметін тепе-тең реттеуді енгізу, қаржылық-технологиялық секторды дамыту және цифрлық қаржы активтерін реттеу, ислам банкингін дамыту, тәуекелге бағдарланған іс-қимылды қадағалау жүйесін қалыптастыру, төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігін құру және банктік реттеуді жетілдіру кіреді.
Депутаттар заң жобаларының негізгі ережелерін талқылап, олардың елдің қаржы секторын одан әрі дамыту үшін маңыздылығын атап өтті. Талқылаудан кейін заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобаларын қабылдау банк жүйесінің орнықтылығын нығайтуға, реттеудің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, бәсекелестікті дамытуға және қаржы нарығында инновацияларды ынталандыруға жағдай жасайды.