ҚР Энергетика министрлігі адалдық мәдениетін нығайту және қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Бүгін ведомствода мемлекеттік қызметшілердің Этикалық кодекс талаптарын сақтау, тәртіптік теріс қылықтардың түрлері мен жауапкершілік шаралары бойынша ақпараттық түсіндіру кездесуі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесуде ҚР Энергетика министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі Ләззат Қосаева қызметтік және қызметтен тыс мінез-құлық, мүдделер қақтығысын алдын алу және реттеу механизмдері туралы мәлімет берді. Сондай-ақ, тәртіптік теріс қылықтардың түрлері, олар үшін қарастырылған жауапкершілік, бұзушылықтарды қарау тәртібі және басшылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі бас консультанты Асхат Мұңтынов мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң нормаларын түсіндірді.
Энергетика министрлігі қызметтік этика нормаларын сақтауды мемлекеттік органдардың тиімді әрі ашық жұмыс істеуінің кепілі ретінде бағалайды. Мұндай іс-шаралар азаматтардың мемлекеттік қызметке сенімін арттыруға бағытталған.