Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету, отынды заңсыз әкетудің жолын кесу және жанар-жағармай материалдарының айналымын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, ЖЖМ нарығындағы жағдай тұрақты, ірі мұнай-өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істейді, қорлар ішкі сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ елден мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің жолын кесу жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері кеден органдары мен Шекара қызметі заңсыз әкетуге 836 әрекеттің жолын кесті.
Сонымен қатар Қаржы мониторингі агенттігі мұнай өнімдерін контрабандамен және жалған өңдеумен айналысатын бірқатар ұйымдасқан топтар мен компаниялардың қызметін анықтап, жолын кесті, бұл істер бойынша жұмыстар жалғасуда. Биыл Агенттіктің өндірісінде 22 қылмыстық іс болды, онда ЖЖМ заңсыз айналымының сомасы 19 млрд теңгені құрады. Шекараның негізгі учаскелерінде мобилді топтар жұмыс істеуде, рейдтік және жедел іс-шаралар өткізілуде.
Жыл басынан бастап Ішкі істер министрлігі тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарғаны үшін 3 334 жүргізушіні (ӘҚБтК 590 бабының 7 және 10 тармақтары), оның ішінде бензин бактарын бензинге-293, дизель отынына-108 және газ баллонды жабдыққа-2 933 қайта жабдықтағаны үшін тартты.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері мұнай өнімдерін заңсыз әкетумен айналысатын қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда. Жыл басынан бері мұнай өнімдерін ұрлау, заңсыз сақтау және тасымалдау фактілері бойынша 11 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды.
Шетелге отын ағынын азайту мақсатында мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салу ұзартылды, көлік құралдарымен шекарадан өту бойынша шектеулер енгізілді, шекаралық пункттерде бақылау күшейтілді.
Өңірлерде әкімдер орынбасарларының басшылығымен мұнай базалары мен жанармай құю бекеттерінде отынның болуын және логистиканың тұрақтылығын бақылайтын штабтар жұмыс істейді.
Кеңесте мұнай базаларын мұнай өнімдерінің айналымын есепке алу және цифрландыру бақылау құралдарымен жарақтандыруға ерекше назар аударылды. Мұнай базаларының бір бөлігі қазіргі заманғы есепке алу жүйелерімен жабдықталған және нақты уақыт режимінде деректерді береді, мұндай құрылғыларды орнату міндеттілігі мен олардың жоқтығы үшін жауапкершілікті бекітетін заңнамалық түзетулер дайындалды. Сонымен қатар мемлекеттік және корпоративтік ақпараттық жүйелердің интеграциясы жүргізілуде, бұл МӨЗ-ден түпкілікті іске асыруға дейінгі отын қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Роман Скляр барлық шаралар Қазақстан халқы мен экономикасының қажеттіліктерін басым қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Үкімет құқық қорғау және бақылаушы органдармен бірлесіп ЖЖМ нарығын бақылауды қатаңдатуды, заңсыз әкетудің жолын кесуді және отынның ішкі нарыққа үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді жалғастырады.