Ел қорғанына қосылған жас күш: 5573 әскери бөлімі жас толқынды қарсы алды

1936
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде жас сарбаздардың жаңа легі қарсы алынды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Биылғы қысқы шақырылым аясында елдің түкпір-түкпірінен әскери борышын өтеуге келген өрендер әскери бөлім аумағына салтанатты түрде жеткізілді.

Бүгінде Қазақстанның 10 өңірінен келген жас сарбаздар тіркеуден өтіп, бастапқы құжаттық рәсімдеулерін аяқтады. Бұл — Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Жетісу, Павлодар, Абай және Қарағанды облыстарынан келген жас буын.

Жақын күндері тағы сегіз аймақтың жас буыны келіп қосылмақ.

Осылайша, бөлім жаңа шақырылымды толық қабылдап, үлкен әскери мектептің алғашқы сабағын бастауға дайын тұр.

Алғашқы кезеңде барлық жас сарбаздар оқу роталарына бөлініп, бастапқы жауынгерлік дайындықтан өтеді. Мұнда олар әскери тәртіп негіздерімен, қару-жарақпен жұмыс істеу ережелерімен, саптық дайындықпен, сондай-ақ бөлімшенің ішкі тәртіптерімен танысады. Тәжірибелі нұсқаушылар мен офицерлік құрам оларға жан-жақты әдістемелік көмек көрсетіп, жаңа ортаға тез бейімделуіне ықпал етпек.

Жаңа шақырылым құрамында Ақтөбе облысынан келген жас сарбаз — Қуаныш Құмаров та бар. Ол өзінің әскери бөлімге алғаш қадам басқандағы әсерімен бөлісті:

«Ұлттық ұлан сапына қабылданғаныма ерекше қуаныштымын. Бұл — әрбір жігіттің өміріндегі жауапты кезең. Мұнда келген алғашқы сәттен-ақ бізді жылы қарсы алып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Өзімді жаңа ортада сенімді сезініп келемін. Елім мен халқым алдындағы борышымды адал атқаруға дайынмын», — дейді.

5573 әскери бөлімінің басшылығы жас сарбаздардың әскери өмірге тез бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шараларды қолға алған. Азық-түлікпен, киім-кешекпен, тұрмыстық заттармен толық қамтамасыз ету, әскери-тактикалық дайындықты кезең-кезеңімен жүргізу — бөлім үшін басты міндеттердің бірі.

Алдағы апталарда оқу роталарында қарқынды дайындық басталып, жауынгерлер ант қабылдау рәсіміне дайындалады. Бұл – олардың әскери өмірдегі ең маңызды әрі жауапты қадамдарының бірі болмақ.

Жаңа шақырылым – Ұлттық ұлан сапын толықтыратын жас буынның сенімді, отаншыл әрі тәртіпті болып қалыптасуына бағытталған үлкен мектеп.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -