Шымкентте жас сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті

1463
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Шымкент қаласында Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміне мерзімді қызметке аттанатын 36 жас сарбазды шығарып салу салтанаты өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шараға шақырылушылардың ата-аналары, жақындары, сондай-ақ қалада орналасқан 6506 әскери бөлімінің сарбаздары мен әскери оркестрі қатысты.

Салтанатты шараның құрметті қонақтары қатарында қала әкімінің көмекшісі полковник Тимур Бидайбеков, қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, қалалық «Қарулы күштері ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Онбаев, 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Марат Рахпанов, Шымкент қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Өзбек қауымдастық ұйымының төрағасы Икрамжон Хашимжанов, сондай-ақ әскери колледж тәрбиеленушілері болды.

Рәсім мемлекеттік Туды ортаға шығару және әскери оркестр әуенімен ашылды. Қонақтар жас сарбаздарға Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуді тілеп, ақ баталарын берді.

Қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары полковник Әжімұхан Шынтаев күзгі әскерге шақыру науқанының желтоқсан айының соңына дейін жалғасатынын атап өтті.

Халқымыздың «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген сөзі әрбір жігіттің өмірлік ұстанымына айналуы керек. Ел тыныштығы мен тәуелсіздігін қорғау – әскери борышын өтеп жатқан сарбаздардың қасиетті міндеті. Биыл біздің қала бойынша Қарулы күштер, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметі қатарын 1000-ға жуық жас толықтырды. Енді Ұлттық ұлан бөлімдеріне жасақтау жалғасуда, – деді ол.

Әскерге шақырылушы Асылбек Асырауов әскерге аттану – ер азамат үшін үлкен өмір мектебі екенін айтты.

Әскерде біз қарумен жұмыс істеуді, әскери техниканы меңгеруді үйренеміз. Бұл – ер жігіттің мінезін қалыптастыратын кезең. Отанға қызмет ету – әрбір азаматтың парызы, – деді ол.

Барлық әскерге шақырылушылар медициналық, психологиялық және кәсіби тексерулерден өткен. Әскерге аттанған жастар үшін мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылған:

  • жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігі;
  • несиелерді өтеу мерзімін уақытша тоқтата тұру;
  • әлеуметтік қолдау және бейімдеу шаралары.

Шымкенттен аттанған 36 сарбаз енді бір жыл бойы Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп, ел тыныштығын қорғауға атсалысады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -