Отандық кәсіпорындар ЭКСЖ ұлттық жобасы аясындағы жеткізілімдерге дайындалуда

946
Фотосурет: Gov

Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру барысында отандық тауар өндірушілерді қолдауға айрықша мән берілуде, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл қадам тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетика салалары үшін жергілікті материалдар мен жабдықтар өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазақстандық өнімді пайдалану инфрақұрылымды жаңғырту, жобалардың тиімділігін арттыру және елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен және энергетика министрлігімен бірлесіп 2026 жылға арналған тауарлар мен материалдарға қажеттіліктерге талдау жасады. Қорытындысы бойынша құбырларды, кабель-өткізгіш және электрондық өнімдерді, дәнекерлеу жабдықтарын, бекіту арматурасын, цементті, құмды, бетонды және басқа да негізгі материалдарды қамтитын 439 млрд теңгеге тауар позицияларының тізбесі қалыптастырылды.

ОТП

2026-2029 жылдарға арналған қажеттіліктер болжамы 2 786 позиция бойынша 2,2 трлн теңгені құрады, бұл алдағы жобалардың ауқымын және отандық компаниялардың қатысуының жоғары әлеуетін көрсетеді.

Талдау нәтижелері бойынша тауарлардың негізгі түрлерін жеткізуді қамтамасыз етуге қабілетті 172 әлеуетті қазақстандық өндірушілердің тізбесі айқындалды.

ОТП

Бүгін, 2025 жылғы 3 желтоқсанда Комитет төрағасы Тимур Қосымбаев Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдерімен бірлесіп «PolyTech Astana» ЖШС, «Арыстан «Астана құбыр зауыты» ЖШС, «BERTYS MACHINERY» ЖШС және «Amitech Astana» ЖШС сияқты отандық тауар өндірушілердің бірқатар объектілерін аралады.

Шолу барысында делегация кәсіпорындардың өндірістік үдерістерін, заманауи жабдықтарын, өнім сапасын және қолданыстағы өндірістік қуаттылықтарын зерделеді. Ұлттық жобаға қажетті тауарларды жеткізу көлемін арттыру және өнім номенклатурасын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

ОТП

Іс-шараға табиғи монополия субъектілері, EPC-мердігерлері және отандық тауар өндірушілер қатысты. Тараптар қажеттіліктерді жоспарлау, тікелей келісімшарттар жасасу, өндірістік кестелерді үйлестіру және жеткізу тізбегіндегі кедергілерді жою мәселелерін талқылады.

ОТП

ТМРК төрағасы EPC-мердігерлердің отандық өндірушілермен өзара іс-қимыл тәртібін түсіндіріп, ЭКСЖ жобаларын іске асыру барысында қазақстандық өнімді барынша қолданудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ өндірушілерді жоспарланған сатып алулар туралы алдын ала хабардар ету қажеттігін айтты — бұл кәсіпорындарға өндіріс көлемін арттыруға және тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ОТП

Отандық кәсіпорындардың өнімін қолдану салаларды сапалы материалдармен қамтамасыз етеді, сатып алулардың ашықтығын арттырады, импортқа тәуелділікті төмендетеді және инвестициялардың ел ішінде қалуына ықпал етеді. Бұл ұлттық экономиканың өсуіне, өнеркәсіптік әлеуеттің нығаюына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасайды.

ОТП

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -