Қазақстанның бағалы қағаздар нарығы: динамикаға талдау және перспективалар

2178
Фотосурет: Gov

Акциялар нарығын капиталдандыру 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша негізінен «Kaspi.kz» АҚ (-12,8%) акциялары бағасының төмендеуі есебінен 2025 жылғы қазанда 1,6%-ға азайып, 39,6 трлн теңгені құрады (2025 жылдың басынан бастап 20,3%-ға өсті), деп хабарлайды DKNews.kz.

KASE индексі 2025 жылғы қазанда 0,3%-ға 7 131,47 тармаққа дейін азайды (2025 жылдың басынан бастап 27,8%-ға өсті).

Акциялармен сауда-саттық көлемі негізінен «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ акцияларымен сауда-саттық көлемінің төмендеуі есебінен бір айда 11,5%-ға азайып, 2025 жылғы қазанда 23,9 млрд теңгені құрады.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 75 эмитенттің 88 атауының акциялары, оның ішінде 2 эмитенттің 2 атауының акциялары «Листингтік емес бағалы қағаздар» секторында айналысқа жіберілді.

«KASE Global» секторында 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 47 атаудағы акциялары және 59 шетелдік эмитенттің 19 ETF болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі бір айда Intel Corporation, ProShares Trust, SPDR Series Trust, NVIDIA Corp., Meta Platforms, Inc. акцияларымен сауда-саттық көлемінің өсуі есебінен 65,3%-ға ұлғайып, 2025 жылғы қазанда 36,2 млрд теңгені құрады.

KASE-де саудаланатын корпоративтік борыштың көлемі 2025 жылғы қазанда негізінен теңгенің АҚШ долларына қарағанда нығаюы есебінен 0,7%-ға 14,3 трлн теңгеге дейін азайды (2025 жылдың басынан бастап 4,1%-ға өсті).

KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 2025 жылғы қазанда негізінен қайталама нарықтағы сауда-саттық көлемінің төмендеуі есебінен алдыңғы аймен салыстырғанда 1,6%-ға 659,9 млрд теңгеге дейін азайды. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша KASE сауда тізімдерінде 143 эмитенттің 660 корпоративтік облигацияларының шығарылымы болды.

2025 жылғы қазанда корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 548,6 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы қыркүйектегі көрсеткіштен 11,0%-ға артық.

KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш алдыңғы айдың деңгейінде сақталып, 2025 жылғы қазанда 30,7 трлн теңгені құрады (2025 жылдың басынан бастап 13,5%-ға өсті).

KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2025 жылғы қазанның қорытындысы бойынша 2,5%-ға азайып, 599,3 млрд теңгені құрады. МБҚ бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 0,2%-ға  азайып, 521,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде он облыстың және Шымкент қаласының әкімдіктері мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде 70,2 млрд теңге  тартты. Қазақстан Республикасының  Қаржы министрлігі 4,41-17,25% өтеуге кірістілігімен 451,3 млрд теңге тартып, облигациялардың 9 шығарылымын орналастырды.

Ұжымдық инвестициялау нарығында 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 58 инвестициялық пай қоры, оның ішінде 24 аралық, 33 жабық және 1 ашық пай қоры жұмыс істеді.

Инвестициялық пай нарығындағы басқарудағы активтер 2025 жылғы қазанда негізінен жекелеген инвестициялық қорлардың 25,4 млрд теңгеге сатып алынған бағалы қағаздары (пайлары) есебінен 9,1%-ға азайып, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 360,2 млрд теңгені құрады. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бағалы қағаздар портфелі 300,8 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 83,5%-ын құрады.

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымына 42 брокер мен дилер (16 банк және 26 банктік емес ұйым), 11 кастодиан-банк, 21 инвестициялық портфельді басқарушы, 4 трансфер-агент, сондай-ақ 3 инфрақұрылымдық ұйым: KASE, KASE Клирингтік орталығы және бірыңғай тіркеуші мен сауда репозиторийінің функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі кірді.

2025 жылғы қазанда Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың саны 4,1%-ға ұлғайып, 4 810,6 мың  шотқа жетті, оның ішінде:

  • депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 696,8 мың қосалқы шотқа дейін 1,5 мыңға немесе 0,2%-ға ұлғайды (2025 жылдың басынан 11,4 мыңға немесе 1,7%-ға өсу);
  • брокерлер ашқан және жинақталған омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын дербес шоттардың саны 4 113,8 мың шотқа дейін 188,3 мыңға немесе 4,8%-ға өсті (2025 жылдың басынан 1,3 млн немесе 46,1%-ға өсу).

Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері 2025 жылғы қазанда негізінен орналастырылған салымдарды азайту, қарыздарды өтеуге және РЕПО операцияларын жабуға бағытталған бағалы қағаздарды сату есебінен 2,2%-ға азайып, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 580,5 млрд теңгені құрады (жылдың басынан бері 24,6%-ға азайды). Міндеттемелер РЕПО операцияларының  азаюына байланысты  136,2 млрд теңгеге дейін 9,8%-ға қысқартылды (2025 жылдың басынан бері 43,5%-ға төмендеді). Меншікті капитал бөлінбеген пайданың өсуі нәтижесінде 0,4%-ға 444,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан бері 15,9%-ға төмендеді).

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -