Ұлттық ұлан қатарында ел тыныштығы мен тәртібін қамтамасыз етіп жүрген офицерлердің еңбегі – әскери қызметтің биік жауапкершілігі мен адалдығын айғақтайтын өлшеусіз құндылық. Осындай абыройлы қызметтің алдыңғы шебінде жүрген, кәсіби білігімен ерекшеленіп, тәрбие мен құқықтық бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеріп келе жатқан офицер – Ұлттық ұлан академиясының 1-оқу батальоны командирінің орынбасары (тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі) майор Жеңіс Магузов.
2025 жылғы 25–27 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының базасында әскердің батальон буыны офицерлерінің арасында “Үздік әдіскер — батальон командирі", "Үздік әдіскер — штаб бастығы", "Үздік әдіскер — батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары" байқауының соңғы үшінші кезеңі өтті. Бұған дейін әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтарда өткен екі іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен нық дайындықты, білімді, әдістемелік әлеуеті жоғары офицерлер ғана финалдық сынға жолдама алған болатын. Қорытынды кезеңге еліміздің түкпір-түкпіріндегі әскери бөлімдерден 17 офицер қатысып, өздерінің кәсіби шеберлігін жоғары деңгейде көрсетті.
Байқау офицерлердің жеке кәсіби даярлығын кең көлемде қамтыды: мемлекеттік тіл, мемлекеттік-құқықтық дайындық, Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, тактикалық-атыстық және дене дайындығы, жалпыәскери жарғылар, байланыс, әскери-медициналық дайындық, әдістемелік жұмыс пен басшылық құжаттарды білу – бәрі кешенді түрде тексерілді. Бұл сынақтар офицердің жан-жақты қабілетін, білімі мен табандылығын, қысқа уақытта шешім қабылдау дағдысын айқындады.

Көп салалы дайындықты қамтыған байқаудың аса жауапты номинацияларының бірі – “Ең үздік әдіскер – батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқық жұмысы жөніндегі орынбасары” атағы. Бұл марапат тәрбиелік бағыттағы жұмыстың терең мазмұнын, офицердің жеке құраммен жүргізетін идеологиялық, психологиялық және құқықтық жұмыстарының сапасын бағалаудың ең жоғарғы көрсеткіші саналады.
Осы номинацияда бас жүлдені жеңіп алған – майор Магузов Жеңіс Еркебұланұлы, Ұлттық ұлан академиясының 1 оқу батальоны командирінің орынбасары. Бұл жеңіс оның жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен үздіксіз ізденісінің, жеке кәсібилігі мен талапшылдығының нәтижесі екені сөзсіз.
– Аталмыш сайысқа қатысу мен үшін үлкен кәсіби сынақ болды. Әр кезең терең білімді, төзімділікті және қызмет жағдайына барынша жақын іске ұқсас шарттарда шапшаң шешім қабылдауды талап етті. Өзге өңірлік қолбасшылықтардан келген офицерлермен бәсекелесу – өз деңгейіңді бағалауға мүмкіндік береді. Ұлттық ұланның әлеуетін нығайту жолында еңбегімді әрі қарай жалғастыра беремін, – дейді майор Жеңіс Магузов.
Жеңіс Еркебұланұлы 1993 жылы 8 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданының тынысы таза, табиғаты көркем Бұлақ ауылында дүниеге келді. Қарапайым ауылдың тумасы бола тұра, жас Жеңістің жүрегінде елге қызмет етуді армандаған биік мақсат ерте ұялады. Мектепті 2011 жылы ойдағыдай аяқтағаннан кейін ол көп ойланып, басқалардың жолын қайталамай, нағыз ер азаматқа лайық шешім қабылдады — туған елдің тыныштығын қорғауға бағытталған әскери жолды таңдады. Сол жылы-ақ Ұлттық ұлан Әскери институтына (қазіргі-Ұлттық ұлан академиясы) қабылданып, болашақ офицердің өміріндегі ең жауапты кезең басталды. Курсант өмірінен басталған әскери мектеп оны тәртіпке, табандылыққа, төзімділікке үйретті. Институт қабырғасында алған білім мен шыңдалған мінез Жеңісті болашақта мықты командирге айналдырар берік іргетас болды. 2015 жылы лейтенант шенін алып, әскери қызметтің нағыз бел ортасына кірген сәттен бастап Жеңіс Еркебұланұлы әр қадамын жауапкершілікпен, әр шешімін парасатпен қабылдап келеді.
Уақыт өте келе мезгіл-мезгіл түрлі бөлімдер мен оқу бөлімшелерінде қызмет етіп, тәжірибесін шыңдады. Жедел мақсаттағы бөлімшедегі жұмысы оның командирлік қабілетін қалыптастырса, кейінгі жылдары атқыштар ротасында взвод командирі қызметін атқаруы – жеке құраммен жұмыстың қыр-сырын терең меңгеруіне жол ашты.
Әскери институттағы оқу взводтарын басқару кезеңі оның кәсіби өсуінің жаңа белесі болды. Болашақ офицерлерді тәрбиелеу, оқу-жаттығу үдерістерін ұйымдастыру, олардың бойына тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру – бұл кезеңнің басты нәтижесі ретінде танылды.

2021 жылдан бастап Жеңіс Магузов оқу ротасының командирі ретінде өзін жаңа қырынан танытты. Ұлттық ұлан академиясында қызмет етуі оның білімі мен тәжірибесін одан әрі байытып, ірі бөлімшені басқару дағдыларын жетілдірді. Оқу ротасы – курсанттардың әскери өмірге бейімделуінің алғашқы баспалдағы. Жауапкершілігі жоғары осы қызметті атқара жүріп, ол жас сарбаздардың тәртібі мен тәрбиесіне, кәсіби дайындығына ерекше көңіл бөлді.
Ал 2024 жылдың 8 қазанынан бастап Жеңіс Еркебұланұлы 1 оқу батальоны командирінің орынбасары (тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі) лауазымына тағайындалды. Бұл – жылдар бойы жинаған тәжірибесіне берілген әділ баға. Қазіргі таңда ол болашақ офицерлердің рухани-адамгершілік бейнесін қалыптастыруға, олардың әскери қызметке деген көзқарасын нығайтуға және бөлімдегі тәртіпті жоғары деңгейде ұстауға бар күш-жігерін жұмсап келеді.
Әскери қызметтің қиындығы мен салмағын елестету оңай емес. Тәртіпке бағынған күн тәртібі, жауапкершілігі жоғары міндеттер, көбіне уақытпен санаспай атқарылатын қызмет – мұның бәрі офицердің сын сағаттары. Осындай мезеттерде адамға күш беретін, рухын көтеретін бір-ақ дүние бар – ол отбасы. Жеңіс Еркебұланұлы үшін отбасы – құтты шаңырақ қана емес, қызмет жолына дем беретін, өмірін мәнмен толықтыратын ең қымбат байлық.
Жұбайы Магузова Сандуғаш Борисқызы – оның өмірдегі ең сенімді серігі, ақылшы әрі тірегі. Әскери қызметтің өзіне тән қиындықтарын жақсы түсінетін Сандуғаш отбасындағы жылылық пен тәртіпті үйлестіріп, жан жарын әрдайым қолдап, жігерін түлетіп отырады. Оның көрінбейтін еңбегі – Жеңістің қызметтегі табыстарының бір бөлігі. Балалары — әкенің жүрек қуанышы, өмірінің мәні мен тірегі. Әрқайсысы өз мінезімен, өз жарығымен шаңырақтың шырайын кіргізіп отыр.
8 жасар Айсұлтан – талапшыл, намысшыл, ер мінезді ұл. Әкесінің әскери формасына ерекше қызығып, болашақта Отан қорғайтын офицер болуды арман етеді. Батылдығы мен жауапкершілігі ерте байқалған, шаңырақтың серісі. Ал шырайлы күлкісімен барлық жанды баурайтын, қылықты да ақкөңіл кенжеқыз Гауһар. Балалық шаттығымен шаңыраққа жарық сеуіп, әр күнді мерекеге айналдыратын отбасылық күншуақ.
Үйдің ортаншы баласы, 5 жастағы Мариям – нәзіктіктің, мейірімнің, жан жылуының символына айналғандай. Әр сөзі мен бал-бұл жайнаған күлкісі үйге қуаныш сыйлап, айналасына шаттық тарататын пәк жүректі періште қыз. Осындай жарқын мінезі мен табиғи болмысы оны өз қатарластарының арасынан ерекше етіп көрсетеді.

2022 жылы Ұлттық ұланның әлеуметтік желілердегі имиджін көтеру мақсатында «Мен – Отан қорғаушымын!» атты балаларға арналған республикалық фотобайқау ұйымдастырылған болатын. Бұл байқау құқықтық тәртіп әскерінің қызметкерлері отбасыларындағы балалардың патриоттық рухын қалыптастыруға, Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттауға және әскери қызметтің абыройын арттыруға бағытталды. Байқауға еліміздің барлық өңірлік қолбасшылықтарынан, Ұлттық ұлан академиясынан және әскери бөлімдерден 70-тен астам өтініш келіп түсті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 2022 жылдың 22 желтоқсанындағы Ұлттық ұланның ресми әлеуметтік желілеріндегі дауыс беру нәтижесі бойынша анықталды. Осы ауқымды әрі маңызы жоғары байқауға Ұлттық ұлан офицері Жеңіс Магузовтың қызы – кішкентай Мариям да белсенді қатысып, өзінің жарқын бейнесімен көпшіліктің көңілінен шықты. Балалық қуанышы мен шынайы мейірімге толы фотосы арқылы ол көрермендердің жүрегін жаулап, ұйымдастырушылардың ерекше алғысына ие болды. Мариямның шығармашылық белсенділігі мен отбасылық әскери рухты дәріптеудегі үлесі жоғары бағаланып, ол арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Бұл – тек бір отбасының емес, бүкіл Ұлттық ұлан әскерилерінің балаларының бірлігі мен патриоттық тәрбиесінің көрінісі. Мариям секілді кішкентай жүректердің Отанға деген сүйіспеншілігі – ертеңгі елдің мызғымас тірегі.
Офицерлік қызметтен қанша шаршап келсе де, балалардың жүгіріп келіп құшақтауы, жұбайының жылы сөзі – барлық алаңды сейілтіп, бойына жаңа күш береді. Бақытты шаңырақ — оның қызметтегі абыройына, рухының биік болуына ықпал етіп отырған ең берік тірек.
Майор Жеңіс Магузов қызмет жолы — әскери борышқа адалдықтың, тәртіп пен отаншылдықтың жарқын үлгісі. Ол — үлкен әріппен жазылатын Офицер, өзінің таланты мен жоғары қабілеттері арқылы Академиядағы көптеген офицерлер мен курсанттарға ғана емес, өз балаларына да үлгі болып келеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы еліміздің күш құрылымдары үшін жоғары білікті мамандар даярлайтын нағыз офицерлер ұстаханасы болып саналады. Осындай ұжымда өз ісінің майталмандары, елін сүйетін нағыз патриоттар қызмет етеді. Солардың бірі — майор Жеңіс Магузовтың есімі мақтанышпен аталып, қызметі ұрпаққа үлгі боларлық тұлға.
Лейтенант Талапкер М.Е.