Шымкенттегі механикаландырылған құрама жауынгерлік даярлығын пысықталды

946
Фотосурет: Шымкент гарнизоны баспасөз қызметі

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты механикаландырылған құрама жаңа оқу кезеңінің басталуына орай бөлімшелерді жоғары жауынгерлік дайындық деңгейіне келтіру бойынша тактикалық-саптық сабақтар өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Тактикалық-саптық сабақтар барысында жеке құрам «дабыл» бойынша көтеріліп, белгіленген уақытта жиын орнына келіп, қойылған тапсырмаларды орындауға кірісті. Әскери қызметшілер жеке дағдыларын шыңдап, осы күзде шақырылған жас сарбаздар қару-жарақ пен әскери техниканы іс жүзінде қолдануды меңгерді. Бөлімшелердің дайындығын бақылау тобы тарапынан бағаланды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – әскери қызметшілердің арнайы тапсырмаларды орындау қабілетін тексеру, сондай-ақ бөлімшелердің ұйымшылдығын, жеделдігі мен үйлесімділігін арттыру болды. Жеке құрам бөлімге толық жиналғаннан кейін, бөлімшелер марш жасап, белгіленген аумақтарда оқу-жаттығу міндеттерін орындады.

Мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз, қатардағы Бердияр Қуатов өткізілген дайындықтардың маңызын атап өтті:

Мен биыл көктемде Ақтөбе облысынан шақырылдым. Алты айдың ішінде әскери істің қыр-сырын меңгеріп жатырмын. Апта басында бізді «дабылмен» көтеріп, роталық колонналарды құру аймағына шығарып, бірнеше жауынгерлік нормативтерді орындадық. Соның ішінде маған ең есте қалғаны – медициналық дайындық. Біз жараланған жауынгерге алғашқы көмек көрсетуді және оны эвакуациялауды практика жүзінде орындадық. Бұл білім тек армияда ғана емес, кейіні өмірде де қажет болады. Әскерде мен сарбаздың кез келген жағдайға дайын болуы керектігін түсіндім. Дұрыс көрсетілген алғашқы көмек бір адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Маған осындай маңызды білім беретін әскери бөлімде қызмет етіп жатқаныма мақтанамын, – деді ол.

Тексеру барысында командирлер далалық жағдайда тактикалық шешімдер қабылдап, жеке құрамға нақты тапсырмалар беріп отырды. Сондай-ақ штаттық қарумен жұмыс және жауынгерлік даярлық нормативтерін орындау ерекше назарға алынды.

Өткізілген оқу-жаттығулар әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыруға және бригада бөлімшелерінің тұрақты жауынгерлік дайындықта болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -