Жаһандану жағдайындағы медиалингвистика: негізгі үрдістер мен тәжіриbe

1936
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен «Жаһандану жағдайындағы медиалингвистика: үрдістер мен қолдану» тақырыбы бойынша дөңгелек үстелге онлайн түрде қатысты. Шара медиалингвистиканы дамыту және нормативтік құқықтық актілерде тілдің сапасын арттыру мәселелеріне арналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қатысушылар тіл мемлекеттің қоғаммен байланысын қамтамасыз ететін негізгі құрал болып табылатыны жайында айта келіп, құқық саласындағы тілдің сапасы азаматтардың сенімі мен құқық қолдану тиімділігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Төраға орынбасары Жақып Асанов заңнама тілін жеңілдету қажеттігіне назар аударды және кешенді түрде шешуді талап ететін бірқатар жүйелі проблемаларға тоқталды.

«Нормативтік-құқықтық базаның шамадан тыс ауырлап кетуі мен күрделі тұжырымдар және терминологияның алуандығы заңдарды түсінуді қиындатады. Егер азамат ережені түсінбесе, заң іс жүзінде жұмыс істемейді», - деді Жақып Асанов.

Палата Төрағасының орынбасары заңнаманы талдаудың заманауи құралдарын енгізу мен құқық саласындағы тілдің бірыңғай стандарттарын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

«Заңгерлердің, филологтардың және ақпараттық технологиялар мамандарының бірлескен жұмысы нормативтік актілердің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллекті пайдалану, терминологияны біріздендіру және түсінікті тіл стандартын қалыптастыру – бұл заңнаманың сапасын жақсартатын және құқық қолданушылардың жұмысын жеңілдететін қадамдар», - деп атап өтті Жақып Асанов.

Отырыс барысында іс жүргізу құжаттарының тілін жетілдіруге, барша азаматтарға арналған нормативтік мәтіндерді бейімдеу жөнінде құқықтық терминдер мен әдістемелердің сөздіктерін жасауға бағытталған зерттеулер мен практикалық материалдар ұсынылды. Сондай-ақ, күрделі нормаларды қарапайым және қол жетімді тілмен түсіндіруге мүмкіндік беретін құқықтық ағартудың жаңа арнасы ретіндегі әлеуметтік желілердің маңызды рөлі атап өтілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -