Сенат Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысында болды. Онда аграрлық секторды әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларын дамыту мәселелері бойынша отырыс өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.


Комитет төрағасы Әли Бектаев Түркістан облысы жоғары технологиямен жұмыс істейтін заманауи өндіріс ұйымдастыруда зор қуаты бар екенін атап өте келіп, қайта өңдеу саласын ұлғайту мен су үнемдеу технологиясын енгізу және жер ресурсын тиімді пайдалануды арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аграрлық саланың өңірде қалай дамып жатқанын хабардар етті. Қазіргі кезде егіс алқаптары ұлғаюда, заманауи суару жүйелері енгізілуде, жылыжай шаруашылығы мен өнімді сақтау және өңдеу жөнінде ірі жобалар іске қосылуда.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Тасжүреков саланы технологиялық тұрғыдан дамыту қажеттігі туралы айтты. Ол қазіргі заманғы агротехнология және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту арқылы Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары өңіраралық кооперацияны дамыту және өнімді қайта өңдеуді кеңейту жөніндегі жоспарымен бөлісті. Ал «Қазкрахмал» зауытының басқарушы директоры кәсіпорынның мүмкіндіктерін және оның одан әрі өсу бағытын таныстырды.

Сенаторлар сапар барысында «Тұран» индустрия аймағының және «SPK Turkistan» өндірістік паркінің, оның ішінде көкөніс қоймасы мен «BNK GROUP» ЖШС және «Тұран су» ХҚК жаңбырлату және тамшылатып суару жүйелерінің жұмысымен танысты. Делегация Келес ауданында «ECOCULTURE-EURASIA» жылыжай кешенінде және Шардара ауданында «ҚАЗКРАХМАЛ» мекемесінде болды.