2025 жылдың жазында Қостанай қаласының тұрғыны консультативтік-диагностикалық және дерматокосметологиялық қызмет үшін салонға 1 200 000 теңге төлеген. Алайда уәде етілген нәтижені көрмегендіктен келісімді бұзу және ақшаны толық қайтару туралы салон әкімшілігіне талап қойған. Салон бұл талап арызға жауап бермеген, сондықтан тұтынушы Тұтынушылар құқығын қорғау және сауда департаментіне жүгінді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Департаменттің тексерісі салонның талап арызға жауап бермегенін анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар келісімшартқа тұтынушылардың құқықтарын шектейтін шарттарды, оның ішінде ақшаны қайтармау туралы ережені алып тастау жөнінде нұсқама берілді. Тұтынушыға сотқа жүгіну ұсынылды.
Сот барысында салонның дерматокосметологиялық процедураларды лицензиясыз өткізгені анықталды, себебі бұл қызметтер медициналық қызметтер қатарына жатады. Сот салонды тұтынушыға барлық төленген соманы қайтаруға міндеттеді.
«Бұл жағдай кәсіпкердің заң талаптарын орындауы міндетті екенін, ал тұтынушы сапалы әрі қауіпсіз қызмет алу құқығына ие екенін тағы бір рет көрсетеді. Департамент өңір тұрғындарының құқықтарын тұрақты қорғайды және бақылауды күшейтеді», - деді Костанай облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысынің міндетін атқарушы К. Акижанов.
Биылғы жылдың басынан бастап департаментке 1452 өтініш түсті. Оның 717-сі жазбаша, 106-сы Telegram-бот арқылы, 269-ы «жылдам желіге» телефон арқылы, ал 360 азамат жеке қабылдауда мамандардан кеңес алды. Тұтынушыларға 62,7 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Мемлекеттік бақылау аясында 73 тексеру жүргізілді. Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 16 кәсіпкерге ескерту беріліп, 44 кәсіпкерге жалпы сомасы 1 397 000 теңге айыппұл салынды.