Елордада ерекше балаларды қолдауға назар артып келеді

704
Фотосурет: Gov

Астанада ерекше балалардың, әлеуметтік тұрғыда осал және көпбалалы отбасылардың ата-аналары үшін «Балаларыңызды қалай қорғауға болады: буллинг, мүгедектік, жарақаттар» тақырыбында шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараны «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қоры Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Шеберлік сағаты «Елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдау» жобасы аясында өткізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар балалардың ата-аналары, әлеуметтік осал санаттағы ата-аналар, педагогтар және әлеуметтік қызметкерлер қатысты.

Мамандар шеберлік сағаты барысында баланы буллингтен қалай қорғау керектігін, мүгедектігі бар балаларды отбасында және қоғамда қалай қолдауға болатынын түсіндіріп, жарақаттың алдын алу бойынша білім берді.

Аутизмі бар баланың анасы Ақмарал Қауымбекова ерекше балалардың ата-аналары үшін мұндай оқыту шараларының маңыздылығын атап өтті.

«Біз өзіміз тұратын тұрғын үй кешенінде-ақ буллингке ұшырадық. Кей адамдар шекараны білмей, балаңды немесе сені ренжітуі мүмкін. Қазір әлеуметтік желілерді қарап отырсаң, ерекше балаларға қатысты әділетсіздік көп. Біз балаларымыздың құқықтарын қорғауымыз керек. Буллинг – жай әзіл емес, онымен күресу қажет. Сондықтан мұндай мастер-класстар ата-аналарға балаларын қорғауға, жарақаттың алдын алуға және өз баласын дұрыс қолдауға үйретуде өте маңызды», – дейді тренингке қатысушы.

Жиын соңында барлық қатысушыға сертификаттар табысталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -