Ақтау қаласындағы М. Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда гарнизонның әртүрлі әскери бөлімдерінен келген тоғыз команда қатысқан дәстүрлі «Жайдарман» байқауы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қорғаныс министрлігі мен Сарбаз аналары комитетінің кубогына арналған бұл сайыс Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылды. Мұнда әскери тәртіп пен шынайы әзіл бір арнада тоғысты.

Ойынға теңіз жаяу әскерлері, әуе шабуылына қорғаныс бригадалары, Әскери-теңіз күштері, авиациялық база, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы, ҚР ҰҚК Шекара қызметі және Ұлттық ұланның үш әскери бөлімінің командалары қатысты. Іс-шарагы Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің төрайымы Гүлмира Жанысбаева мен Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров ұйымдастырды.

Қазылар алқасының құрамында танымал актер, шоумен және блогер Айдар Кәрімбаев, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Абзал Ғабитұлы, Ақтау гарнизонының әскери прокуроры Саян Акиров және Kinoplex Aktau кинотеатрының директоры Кенжеғали Асқарғалиев болды. Байқау «Сәлемдесу» және «Үй тапсырмасы» кезеңдерінен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін және қызметтерін таныстырып, тапқырлықтары мен әзілге бейімділіктерін көрсетті. Екінші кезеңде әскери қызметтегі күнделікті өмір, жолдастық және қызметке деген өз көзқарастарын бейнелейтін алдын ала дайындалған миниатюралар ұсынды.

Біздің басты мақсатымыз – жас сарбаздарды қолдап, олар үшін позитивті, сенімді атмосфера қалыптастыру, қастарында әрдайым қолдау көрсететін адамдар бар екенін көрсету. Шығармашылық жобалар арқылы біз әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын жақсартамыз. Өздеріне деген сенімділіктерін күшейтеміз. Юмор күйзелісті жеңілдетеді, ал бірлескен дайындық ұжымды біріктіреді. Әрбір сарбаз өзін жалғыз сезінбей, жанында қолдау барын түсінуі үшін мұндай іс-шараларды одан әрі дамыта береміз, — деді Гүлмира Жанысбаева.

Байқау нәтижесі бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Шекара қорғандары» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды теңіз жаяу әскерлері бригадасының «Морпех бүркіттері» командасы иеленсе, үшінші орынды Әскери-теңіз күштерінің «Жұлдызды жігіттер» және Ұлттық ұланның 3502 әскери бөлімінің «Әзіл батальоны» командалары өзара бөлісті. «Жайдарман» байқауы армияда қатаң тәртіппен қатар ұжымды біріктіретін шығармашылық, шуақты әзіл мен бірлік сияқты құндылықтардың бар екенін тағы бір дәлелдеді.